$518.37 €609.97 ₽6.6
×

Жеңістің 70 жылдығына орай Шымкентте жаңа фильм түсірілді

AstanaTV
06.05.2015ж. 20:00
2375
Жеңістің 70 жылдығына орай Шымкентте жаңа фильм түсірілді

Шымкентте бүгін «Майдангерлер» атты қысқаметражды фильмнің тұсауы кесілді. 25 минуттық туынды Жеңістің 70 жылдығына арнайы түсірілген.

Басты кейіпкер - Болат есімді бозбала. Жасы 18-ге де толмай жатып майданға өзі сұранған. Қарт ата-анасын көрші қыз Салтанатқа аманаттап кете барады. Туындының негізгі оқиға желісі майдан даласындағы жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі туралы. Фильмді түсіруге бас-аяғы сексенге жуық адам қатысқан. От пен оқтың ортасындағы қырғынды актерлер шынайы сомдауға тырысады. Майдан даласындағы көріністе жылдың төрт мезгілі де қамтылған. Фильм режиссері Серік Таласов өткен ғасырдың қырықыншы жылдарындағы оқиғаны бейнелеуде қиындықтар аз кездеспегенін айтады.

Серік Таласов, режиссер:

Сонау қырықыншы жылдардағы оқиғаны салу керек болды, біріншіден. Екіншіден, съемка барысында бізде қар жауып, қыс болып кетті. Біз оған есеп алмаған едік. Ол да бір бізге Алланың берген сыйы шығар, бәлкім сынағы. Одан да өттік енді. Ең бастысы - біздің қалауымыз көрерменнің көңілінен шығып жатса, біз үшін өте үлкен қуаныш.

Бүгін фильмнің премьерасын үш жүзден астам адам тамашалады. Шымкентте түсірілген бұл фильм Жеңіс мерекесі күндері үлкен экранға жол тартады деп күтілуде. Айта кетейік, қысқаметражды фильм облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының бастамасымен түсірілді.

Берік Құрманғали, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы:

Тақырыптық фильм түсіру қашан да ауыр. Оған көп адам бара бермейтіні сол және ол қиын. Қаншама массовка керек. Қаншама техника, соғыс кезін түсіру ол. Ал енді күнделікті мелодрама, басқа түсіру ол жеңіл. Өмірден алынатын қазіргі заманда ондай фильм де керек шығар, ойын-сауыққа құрылған. Бірақ енді осындай тақырыптық, Жеңістің 70 жылдығына түсіріліп қоймай, жоғары деңгейде осы Шымкентте түсірілгені - біз үшін мақтаныш.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ