Майдан даласындағы ерен ерліктері елеусіз қалған батыр бабалар есімін елге
таныту қолға алынды. Соғыстағы жанкешті ерлігі мұрағат қойнауында қалып,
хабар-ошарсыз кеткен жерлестеріміз лайықты құрметке ие бола бастады. «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты мен «Байқадам Холдинг»
компаниясының қолдауымен тарихшы Берік Әбдіғалидың «Забытые герои. Герои Советского Союза»
атты кітабы жарыққа шықты. 500 данамен шығарылған жинақты халыққа кеңінен
таныту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы «Ұлы жеңіс
қаһармандары - қазақстандықтар» атты екі томдық жинақ басып шығармақ.
Қан майданда отан үшін жанын пида
етсе де, ерлігі елеусіз қалған жерлестіріміздің атын асқақтатуда - бұл кітап
таптырмас құрал. Авторы - белгілі тарихшы Берік Әбдіғалиұлы. Оның айтуынша,
кітапты жазудағы басты мақсат - тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және Отан
үшін отқа түскен ерлердің есімін паш етіп, оларға «Халық Қаһарманы» дәрежесін
алып беру. Кітапқа бұған дейін беймәлім болып келген батыр дәрежесіне ұсынылған
10 отандасымыз енгізілді. «Туған-туыстарынан басқа
ешкім танымайтын боздақтардың ерлігі ұрпағына жетсе»,- дейді жинақ авторы.
Берік Әбдіғалиұлы, «Забытые герои. Герои Советского Союза» кітабының
авторы:
Бауыржан Жұмашев - шебер танкист, бүкіл әлемдік мықты танкистер
ішіндегі жалғыз қазақ. Үш күнде 11 танк. 1942 жылы Ржевск түбінде қайтыс болып,
содан Кеңес одағы батыры атағына ұсынылып, бірақ орден қаза болған
соң берілді. Сүлейменов Ыбырай мен Әбдібеков Төлеуғали, білесіздер, ең мықты қазақтың снайперлері. Бәріне таратып,
жергілікті әкімдіктерге де берейік деп едік.
Қазақстандық жауынгерлердің Жеңіске зор үлес қосқаны баршаға аян. 530
жерлесіміз Кеңес Одағының батыры, 124-і Даңқ Орденінің иегері атанды.
Батырларымыздың көбі ерлігіне лайық мәртебелі дәрежені алуға ұсынылғанымен,
тиісті төс белгілерге жете алмай кетті. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы олардың
есімін ұлықтау мақсатында жыл соңына дейін «Ұлы жеңіс қаһармандары - қазақстандықтар» атты екі томдық жинақ басып шығармақ.
Фархат Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:
1968-69 жылдары осыған ұқсас
кітап жарық көрген. Ал мына жинақты дайындау барысында 400-ден астам
батырларымыздың есімі белгілі болды. Қазір есімі жарыққа шыққандар саны 500-ден
асып кетеді. Жұмыс жалғасуда. Ұрыс даласында ерлік көрсеткен қазақстандықтар
туралы қызықты, әрі тың деректер әлі де шығып жатыр.
Ерліктері елге танылмаған батырлардың аты не мектеп, не көшеге берілмеген.
Сондықтан да олардың есімін ұлықтап, ерлігіне лайықты баға беру – парызымыз, дегенді айтады кітап авторлары.
Саттар Мажитов, «Ұлы Жеңіс қаһармандары -
қазақстандықтар» екі томдық кітабының редакторы:
Екі томдық ұлы жеңіс қаһармандары қазақстандықтарға арналған кітаптың
ерекшелігі - ол тек қана сол қаһармандардың, батырлардың өмірбаяны
мен олардың жасаған ерліктері туралы ғана емес, ең алдымен ол - мынау болашақ және бүгінгі жас ұрпаққа деген, жас
ұрпақтың санасын қалыптастыратын дүние.
Екі кітапта да батырлардың ерліктері боямасыз суреттелген. Ең бастысы,
отандастарымыздың жанқиярлығын дәлелдейтін марапат қағаздары мен басқа да
құжаттардың көшірмелері берілген. Олардың көбі Ресей қорғаныс министрлігінің
мұрағатынан алынды. Бұған дейін еш жерде жарық көрмеген тың деректер бар.
Сондықтан жинақтың қазақ тарихы мен жас ұрпақ үшін маңыздылығы орасан.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ