Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанға ҚХР төрағасы С.Цзиньпин ресми сапармен келді

AstanaTV
08.05.2015ж. 10:00
1000
Қазақстанға ҚХР төрағасы С.Цзиньпин ресми сапармен келді

Қазақстанға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен келді. Ақордада мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі барлық сән салтанатымен өткен соң, қос ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Мемлекеттер басшылары екі жақты және көпжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады, соның ішінде аймақтық қауіпсіздіктің, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықтың нығаюына, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың дамуына айрықша көңіл бөлінді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынасты жалғастыру Қазақстанның сыртқы саясатының басымдығы болып саналатынын айтты. Екі елдің де жоспары мен нақты белгілеген жұмыстары бар екенін айтып, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын мүлде жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. Ал Қытай басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. Сонымен қатар Елбасы, Си Цзиньпиннің Бейжіңде өтетін Жеңістің 70 жылдық мерейтойына қатысу жөніндегі шақыруын ризашылықпен қабыл алды.

Си Цзиньпин Қытай Халық Республикасының төрағасы:

Қазақстан халқы Сіздің басшылығыңызбен ұйыса түсіп, мемлекет құрылысы мен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа, жарқын табыстарға жету үшін бірлесе күш-жігер жұмсайтынына сенімдімін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Cіз президенттік сайлаудан кейін Қазақстанға келген бірінші шетелдік мемлекеттің көшбасшысы болып отырсыз. Осы арқылы Сіз біздің қарым-қатынастарымыздың жоғары мәртебесі мен айрықша маңызын айшықтай түсесіз. Сіз мені телефон арқылы құттықтадыңыз, жеделхат жолдадыңыз, енді, міне, келіссөздер өткізуге келдіңіз. Біз мұны жоғары бағалаймыз.

Мөлдір ДЮСЕКИНА