Бүгін
мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жеңістің 70 жылдығына орай Отан
қорғаушылар монументіне «Даңқ гүл тізбесін» қойды. Шараға
еліміздің түкпір-түкпірінен Отан cоғысының ардагерлері шақырылған. Сондай-ақ,
салтанатты шараға парламент депутаттары, мемлекет қайраткерлері, қала
тұрғындары мен қонақтары да қатысты. Салтанатты рәсім әдеттегідей бір минут үнсіздікпен басталды. Ардагерлерді
құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы қарт
майдангерлерді тек мерекеде ғана емес, әр уақытта да құрметтеп, ұлықтау
керектігін айтты. Өсиетін әсіресе жас
буынға арнады. «Жастарымыз
ақсақалдарға, ардагерлерге көңіл бөліп, көмектесіп, қолпаштап жүрулері керек.
Себебі, ертең сен де қартаясың, сонда балаларың сені де дәл солай сыйлайтын
болады. Осыны ұмытпаңдар». Президент
өскелең буынға қаратып осылай деді.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Біз
- Жеңіске жеткен бабалардың ұрпағымыз. Сол бабаларымыздың, әкелеріміздің, аталарымыздың арқасында, мінекей, 70 жыл бойы бейбіт өмір сүріп келе жатырмыз. Оны еш уақыт ұмытпау керек. Егер біздің бабаларымыз сол соғыста Жеңіске жетпесе, халіміз қалай болар еді? Қазақстан бүгінгідей болар ма еді, болмас па еді? Мынау аспанымыз осындай ашық болар ма еді? Мынау жастарымыз жарқырап күлер ме еді, күлмес пе еді? Мұның барлығы осы ардагерлеріміздің жеңісі.
Асылбек
Дәулетов, Отан соғысының ардагері:
Қазақстанымыз жасай берсін, ұлттың басы, Нұрсұлтан Назарбаевтың көп еңбегі бар осы еліміздің осындайға жеруге. Соған біз денсаулық тілейміз, амандық тілейміз. Елімізді осылай басқара беретін болсын.
Ләйлә
ҚАЗИАҚПАРОВА