Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтөбеде соңғы екі аптада үш оқушы өз-өзіне қол салды

AstanaTV
14.05.2015ж. 20:00
1586
Ақтөбеде соңғы екі аптада үш оқушы өз-өзіне қол салды

Ақтөбеде соңғы екі аптада үш оқушының өз-өзіне қол салу оқиғасы тіркелді. Өзін өлімге қиғандардың үшеуі де 11 сынып оқушылары. Қыршыннан үзіліп жатқан жастар өлімінің себебін полицейлер анықтауға тырысуда. Қайғылы жайт туралы психологтардың өз пайымы бар. Бала психологиясына түсетін әр түрлі қысымның нақ осы мезгілде күшейетінін айтады. Мансұр Есқожиннің материалы. 

Биыл мектеп бітіріп, медицина институтына оқуға түсуді жоспарлаған Ләйлә Шакулованың жүрегі 8 мамырда тоқтады. Мұғалімдерінің айтуынша, сол күні марқұм ертемен сынып жетекшісіне хабарласып, науқастанып қалғанын айтқан. Артынша мектепке суыт хабар жеткен. Дәл сол күні жақындары Лейланы өз бөлмесінде асылып тұрған жерінен тауып алды, - дейді көршісі Гүлнәр Мұхитова.

Гүлнар Мұхитова:

Мен көшеден келе жаттым, сосын айқай естідім. Әуелі мен көршілер, жоғарыдағылар шығар деп ойладым, квартиранттар. Сосын жүгіріп бардым «Ләйлә, Ләйлә» деген дауысты естігесін. Ойладым обморокқа түсіп кеткен шығар, мүмкін, ЕНТ-ның алдында. Балалар тамақ шамалы ішеді ғой. Солай шығар деп ойладым. Барсам, жерде жатыр.

Оқиға орнына жедел жеткен дәрігерлер де оны аман алып қала алмапты. Ақ халаттылар істі полицияға тапсырған. Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің «өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалған.

Мансұр Есқожин, тілші:

Белгілі болғандай, марқұм көз жұмар алдында соңғы хатын жазып қалдырған. Бірақ ішкі істер департаментіндегілер оның мәтінін тергеу құпиясы деп жарияламай отыр. Әзірге полицейлер оқиғаның ақ-қарасын анықтауға кірісті.

Ләйлә білім алған мектеп ұжымы, оның құрбыларының алды болғанын, айтады. Ұстаздар тәртібі мен үлгеріміне оң баға берді. Ұлттық біріңғай тестілеудің бұл жағдайға еш қатысы жоқ, өйткені ол алдын ала бақылау тестілерінде жоғары балл алып келген, - деді мектеп директоры.

Шолпан Өмірзақова, Ақтөбе қалалық № 3 орта мектебінің директоры:

4-5-ке оқыды. Өзі қарапайым, сондай өте жақсы қыз. Мұғалімдері, класстастары бәрі жақсы қатынаста болдық. Біздер өзіміз де жақсы қарадық.

Ал психолог Александр Колесников болса, 11 сынып оқушыларының суицидке жол беруіне ұлттық біріңғай тестілеудің тікелей қатысы бар дейді. Сын сағаты жасөспірімнің қатаймаған психикасына ауыр тиеді. Осы орайда ата-ана мен мектеп психологы бірінші кезекте қолдау көрсету қажет дегенді алға тартты.

Александр Колесников, психолог:

Психология саласының тілімен айтқанда, бұл "жалған суицид". Қорқынышқа бой алдырып, осындай қадамға барған. Қоғамның қолдауын жоғалтқан. Отбасы мен мектеп тарапынан көмек аз деп, қиын жағдайда жалғыз қалғандай сезінеді. Алдын ала «бәлкім қолымнан келмес» деп, күйзеліске түседі. Соның нәтижесінде осындай қайғылы оқиға орын алып тұр.

Айта кетейік, аймақта түлектерге емтихан алдында рухани, әрі психологиялық көмек көрсету мақсатында, олардың имамдармен кездесуі қолға алынған болатын. Бұл шара жергілікті биліктің бастамасымен сәуір ортасында басталды.

Бақытбек Тәжімбет, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы:

Мына оқушыларға айтатын нәрсеміз, ең бірінші, азаннан кешке дейін жақсылап дайындалу сабағына, ЕНТ-де келетін сұрақтарға. Дұрыс емес әрекеттерге бармау керек. Өз-өзіне қол салу, қол жұмсау. Болмаса жаңағы тамырын кесу деген секілді түрлі-түрлі себептер бар. Ондай нәрселерге бармай, жақсылап тұрып дайындалып, сабырлық пен шыдамдылыққа шақырамыз.

Бүгінде жастар арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған жұмыс аз емес. Бірақ нәтиже аз. Мәселен, бір Ақтөбеде соңғы 2 аптада 26-шы және 18-ші орта мектептердің екі түлегі өз-өзіне қол салған болатын. Бірі сірке қышқылын ішсе, екіншісі 7-ші қабаттан секіріп, мерт болды. Тағы айта кетер бір жайт, Ләйлә Шакулова білім алған № 3-ші мектептің еңбек пәні ұстазы да оқу ордасы ғимаратында асылып қалған еді.

Мансұр ЕСҚОЖИН