Сенаторға Астанадағы ауыз су сапасы ұнамайды. Бүгін жоғарғы палатының жалпы
отырысында депутат Нұрлан Оразалин бас қаланың ауыз суы ішуге жарамайтынын
айтты. «Осының арқасында су сатушы кәсіпорындар қып-қызыл пайдаға кенеліп
отыр»,- дейді.
Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Астананың ауыз суы - ешкімнен жасырып, бүгетін нәрсе емес. Түгел, «Тассайы»
бар, басқа су бар, түгел бизнесін жүргізіп отырғаны осы Астана қаласының ауыз
суының өте төмен жағдайы. Ешкім краннан су ішпейді. Алматыдағыдай емес, кейбір
құбыры таза қалалардай емес.
Бүгін Сенатта сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша заң жобасының
бірінші оқылымы өтті. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша,
елдегі су құбырларының 75 пайызы тозған. Оны жөнге келтіруге алдағы екі жылда
бюджеттен 165 млрд теңге бөлінген. Ал 2020 жылға дейін ірі инвестиция тарту
арқылы су жүйесін толық жаңарту жоспарланған. Бұл Мемлекет басшысы белгілеген 7
басымдықтың бір тармағы. Сенатор Серік Жақсыбековке ауыз судың дәмі ұнамайды
екен. Темір құбырлардың салдарынан су тот саситынын айтады. Сондықтан су
жүйесін түгел пластик құбырға ауыстыруды ұсынды.
Серік Жақсыбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Пластикалық ауыз су құбырлары суға ешқандай дәм бермейді. Елімізде мұндай
құбырлар жеткілікті көлемде шығарылады. Осы өндірушілер 2-3 жылдың ішінде су
құбыр жүйесін қажетті мөлшермен толық қамтиды деп есептеймін.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ