Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қазақстанда мүмкіншілігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындарын ашу үшін, бюджетке 7 миллиард теңге қаражат бөлінеді

AstanaTV
14.05.2015ж. 20:00
1257
Қазақстанда мүмкіншілігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындарын ашу үшін, бюджетке 7 миллиард теңге қаражат бөлінеді

Қазақстанда мүмкіншілігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындарын ашу үшін, субсидиялық бюджетке 7 миллиард теңге қаражат бөлінеді. «Алайда бұл 2018 жылға арналған жоспар», - деп бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жұмыспен қамту және халық табысы» сараптама тобының кураторы Ольга Киколенко хабарлады. Айтуынша, бүгінде Қазақстанда еңбекке жарамды төрт жүз мыңға жуық мүмкіншілігі шектеулі азамат бар. Десе де, олардың ішінде жылына тек он мыңға жуығы жұмыспен қамтылады. Бүгін депутат Киколенко бастаған сараптама тобы мүмкіншілігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отырған бірқатар мекемелерді аралады. 


«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы көптеген мүмкіншілігі шектеулі азаматтарға жұмысқа орналасу мүмкіндігін ашты. Зағип жандар бүгінде еңбек ұжымдарында өз орындарын тауып, әріптестерімен тең қатарлы жұмыс істеп келеді. Бастысы, мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың қоғам арасындағы құқықтары теңесті, - дейді партиялықтар.

Халыққа қызмет көрсету орталығында Сұлтан секілді бірнеше жасөспірім жұмыс істейді. Олар бірауыздан бастысы қоғамға пайдалы болсақ, қызметімізді адал атқарсақ, дейді. Жалпы жыл басынан бері «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партиялықтар тағы екі мың үш жүз мүмкіншілігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту ісімен айналысуда.

Ольга Киколенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Қазіргі таңда бір мыңға жуық мүмкіншілігі шектеулі азамат қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылды. Төрт жүзден астамы әлеуметтік қызметтерде. Қалған төрт жүз зағип жан өз еріктерімен жұмыс тапты. Яғни жыл басынан бері бізге келіп жұмыс сұрағандардың тек 50 пайызы ғана еңбек орнын тапқан.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда еңбекке жарамды төрт жүз мыңға жуық мүмкіншілігі шектеулі азамат тұрады. Осы орайда зағип жандарды жұмыспен қамту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қосымша механизмдер әзірленуде. Мәселен, 2018 жылдан бастап мүгедектерді арнайы қызмет орындарымен қамтыған жұмыс берушілерге субсидия төлеу тетіктері қарастырылмақ. Бұл бағытта бюджетке 7 миллиард теңге бөлінбек.

Жұрағат БАМАН