Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Атырауда толассыз жауын тұрғындарды әбігерге салды

AstanaTV
12.05.2015ж. 13:00
1093
Атырауда толассыз жауын тұрғындарды әбігерге салды

Атырауда соңғы жиырма жылда болмаған төтенше жағдай. Кеше күндіз басталып, түні бойы жауған нөсер жауын аймақтағы арнайы қызметтерді аяқтан тік тұрғызды. Нөсер жаңбырдың салдарынан тұрғын үйлер суға кетіп, кейбір мектептер мен балабақшалар жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Облыс аудандарындағы жағдай қалыпты болғанымен, қала ішіндегі жағдай алаңдатарлық. Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы мәліметтеріне жүгінсек, төмен орналасқан отызға жуық үй суға кеткен. Бұл сан әлі де нақтылану үстінде. Қаланың қақ ортасындағы Ерниязов көшесідегі мына үй тұрғындары ұйқысынан таңда шошып оянған. Аулада жиналған жаңбыр суы лезде үйге кіріп кетіпті.

Айгүл Рысалиева, Атырау қаласының тұрғыны:

Таңғы 5 те үйімізді су алып кетті. Балдарымыз диванға отырғызып келді, одан сайын көтеріліп кетті. Көмек сұрауға барғанда, олар 5 те звондағаннан қазір барады, қазір барады деп келген жоқ. Өзім барып, ішке барып, іштегі пожарный машинаны жіберіп тұр.

Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердегі де жағдай осындай. Автокөлік жолдары да суға толып тұр. Мектеп аулаларын да су басты. Төтенше жағдай қызметіне көмек сұрап хабарласушылар да сәт сайын көбеюде. Қазір үйлері суға кеткен қырыққа жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді, дейді Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары.

Марат Құрбанов, Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

Мамырдың он бірінен он екісіне қараған түннен басталған жаңбырдан облыс орталығындағы бірнеше мөлтек ауданды су басты. Күрделі жағдай Атырау қаласында тіркеліп отыр. Аудандардағы жағдай бақылауда. Қауіп жоқ. Қазір жағдайды қалыпқа келтіру үшін арнайы органдардың 35 техникасы жұмылдырылды. Суға кетіп жатқан аймақтарға мониторинг жүргізілуде. 23 үйден 32 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Нақтыланбаған дерек бойынша бұл жағдай соңғы 20 жылда болмаған. Ауа райын болжаушылар жаңбыр апта аяғына дейін созылатынын болжады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ