×

Қарашығанақ кенішінің жаңа санитарлық қорғаныс аумағы жасақталды

AstanaTV
12.05.2015ж. 20:00
1790
Қарашығанақ кенішінің жаңа санитарлық қорғаныс аумағы жасақталды

Беймәлім себеппен естен танатын Березов тұрғындары қоныс аударуы мүмкін... Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кенішінде жаңа санитарлық қорғаныс аумағы жасақталатын болды. Бұл өзгеріс кен орнын игеру жұмыстарының қарқын алуымен түсіндірілуде. Кеніштің санитарлық аумағын кеңейту туралы хабар Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың облысқа сапары кезінде белгілі болды. Енді облыс әкімі кенішке жақын ауылдардың тұрғындарын көшіру және оларды жұмыспен қамту мәселелерін шешуі тиіс.

Қарашығанақ газ кеніші төңірегіндегі санитарлық қорғаныс аумағы бұрын бес шақырыммен ғана шектелген. Есептеу жұмыстары қайта жүргізілгесін, бұрынғы талаптар өзгеріске ұшырапты.

Қайрат Әбуов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Қарашығанақ кенішін игеру жұмыстарының қарқын алуына байланысты, санитарлық аумақтың жаңа жобасы жасақталды. Бұл жоба тұтынушыларды қорғау комитетінің қарауына тапсырылды. Енді мамырдың соғына дейін осы жобаға қатысты нақты шешім шығарылуы тиіс. Қазір өңірдегі жағдай толық бақылауда. Бұл іс облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Жаңа санитарлық қорғаныс аумағына бала-шағасы жиі естен танып құлайтын Березов ауылымен қатар, Бестау ауылы да енгізіліпті. Егер бұл жобаны еліміздің бас санитарлық дәрігері мақұлдаса, тұрғындардың арманға айналған өтініші орындалады. Олар өздері қалаған Ақсай қаласына алдағы жазда, ал Аралтау мен Бөрлі ауылдарына келер жылы көшіріле бастамақ.

Ал өткен мереке күндері кеніш іргесіндегі Березов тұрғындары тағы шыбын жандарын шүберекке түйді. Мейрамға арналған салтанатты шара кезінде үш оқушы естен танып құлаған. Ал осы оқиғадан бірер күн бұрын, яғни 5 мамырда, кеніште 300 литрдей конденсат төгілгені мәлім болды. Бұл жағдайдан экологтар хабардар. Олардың сөзінше, ауаға зиянды газ шығару деректері бұл кеніште араға екі-үш күн салып қайталанып тұрады. Мәселен, былтырдың өзінде осындай 120 оқиға тіркелген. Бірақ шетелдік басқарушы компания үшін бұл қалыпты жағдай саналса керек.

Сырым Тілегенов, БҚО бойынша экология басқармасының бөлім басшысы:

Мұнай өңдеу зауыты болғаннан кейін мұндай инциденттер болып тұрады. Біз онымен келіспейміз дейді. Шынын айтқанда, мойындағысы келмейді. Өздері де айтады, біздерде 6-7 адам заңгерлік бөлім ұстап отырмыз. Біз кез-келген 100 теңге үшін соттасамыз дейді. Себебі мойындаса, өздері кінәсін мойындағысы келмейді.

 
Қоршаған ортаның бүлінгенін алға тартқан экологтар ҚПО компаниясына былтыр 7 миллиард теңге айыппұл салған. Бірақ компания мұнымен келіспей, кері сотқа шағымданған. Енді келесі сот отырысы 21 мамырда өтеді.

Галина Лепесова, Орал қаласының тұрғыны:

Басында туған ауылымыздан көшірілуге қарсы болдық. Енді қуанамыз. Бізге пәтер әперді, ақшалай өтемақы да беріп, осында қоныстандырды. Енді Березов тұрғындары да осылай көшірілсе, жақсы болар еді.

Галина Лепесова тұратын мына көпқабатты үйде кезінде Тұңғыш ауылының тұрғындары қоныстанған. Кеніш іргесіндегі бұл ауыл халқының Оралға көшірілгеніне биыл 12 жыл. Олар экологиялық аумақта қалған туған ауылын қазір картадан да таппайды.

Еркін Карин, тілші:

Ал  Березовка ауылының тұрғындарының өздерін көшіруді талап еткеніне жарты жылдан асты. Белгісіз дертке шалдыққан ауыл балаларының аяқ астынан талып құлауына не себеп болғанын, дәрігерлер де тап басып айта алар емес. Бұған ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәлаған тұрғындар енді 30 мамырды асыға күтуде. Жаңа санитарлык қорғаныс аумағына қатысты шешім сол күні шығуы тиіс.

Еркін КАРИН