Атырауға бір тәулік
ішінде, жауын-шашыннның 4 айлық нормасы түскен. Бұл 80 жылда болмаған құбылыс,
- дейді төтенше жағдайлар депаратменті мамандары. Түні бойы үздіксіз жұмыс
істегендерін айтқан аймақтағы арнайы қызметтер өкілдері жағдайдың біршама
тұрақтанғанын айтып отыр.
Марат Құрманов, Атырау облыстық төтенше жағдайлар
департаменті басшысының орынбасары:
Бұл құбылыс қалыптан ауытқыған жайт болып отыр. Қалаға
жауынның 4 айлық нормасы түсті. Бұл жағдай біздің аймақта болмаған оқиға.
Ақсақалдар 80 жылдан бері мұндай жауын болмаған дейді. Әкімдік, арнайы қызмет
жағдайды тұрақтандыру үшін бар күшін салады. Жұмыс үздіксіз жүруде. Су соратын
көліктер бар, олар жанар -жағар маймен қамтылған. Бүгін таңертең жеке құрамның
құрамын өзгерттік. Жұмыс тоқтамастан жүріп жатыр.
Еске салайық, мамырдың
11-інен 12-не қараған түні жауған толассыз нөсерден 50-ге жуық жеке үй суға
толды. Көшелер мен аулалар су ортасында қалған болатын. 500-ден астам адам
қауіпсіз жерге көшірілді. Ескі үйлер құлап, көптеген мөлтекаудан жарықсыз
қалған еді. Мектеп пен балабақшалар да жұмысын уақытша тоқтатты. Дегенмен,
құтқарушылар қазір аймақтағы жағдай тұрақталып келе жатқанын айтады. Төтенше
жағдайлар депаратменті мәліметінше, 42 үй мен 252 ауланың суы толықтай
сорылған. Мектептер мен балабақшалар да бүгін біртіндеп жұмысын жалғастыруда.
Базаргүл
НӘДІРҚЫЗЫ