Атырауда
бір тәулікте 4 айлық жауын-шашын нормасы түскен. Бұл 80
жылда болмаған құбылыс, -
дейді төтенше жағдайлар департаменті мамандары. Табиғаттың тосын құбылысы кесірінен
баспанасынан айырылған 500-ден астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Қазір
мектептердің спорт залдарына кереуеттер қойылып, ыстық тамақ пен алғашқы
керек-жарақтармен қамтамасыз етілуде.
Қаладағы
№27 орта мектептің спорт залы лық толы.
Мұнда 23 отбасы түнеп шықты. Ерлер де, әйелдер де, бала-шаға да осында,
араларында кішкене нәрестелер де бар. Барлығы 115 адам. Олар ыстық тамақпен қамтылуда. Алғашқы керек-жарақ та
таратылған. Бірақ баспанасынан
айырылғандардың көңілдері алаң.
Айман
Қуатова:
Ағайыны
барлар ағайынының үйін паналап жатыр. Біздер мектепте жатырмыз. Қашанға жататынымызды бір Құдайдың өзі
біледі. Іші салқын, балалардың сабағы
қалды жайына.
Ал
аймақтағы төтенше жағдайлар қызметі бір түнде жауын-шашынның 4 айлық нормасы
түскенін айтады. Арнайы қызметтер құрамы түнімен жұмыс жасаған. 42 үй мен 252
ауладан су сорылған.
Марат
Құрманов,
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:
Бұл
қалыптан ауытқыған құбылыс болып отыр. Қалаға жауынның 4 айлық нормасы түсті.
Бұл біздің аймақта болмаған құбылыс. Ақсақалдар 80 жылдан бері мұндай жауын
болмаған дейді. Әкімдік, арнайы қызмет жағдайды тұрақтандыру үшін, барынша күш
салады. Жұмыс үздіксіз жүруде. Су соратын көліктер жанар-жағармаймен
қамтылған. Бүгін таңертең жеке құрамның құрамын өзгерттік. Жұмыс тоқтамастан жүріп жатыр.
Бұл
кезде ерлі-зайыпты Гизатуллиндер көмек күтіп, есікке қарайлаумен жүр.
Балаларын атасының үйіне жіберіп, өздері су астында қалған заттарын
жинастыруда. Арнайы мамандар жағдайды көріп, кеше су соратын көлік жіберуге
уәде етіпті. Бірақ әлі жоқ,- дейді отбасы мұшелері.
Агата Гизатуллина:
Төтенше
жағдай мамандары келіп қарап кетті. Күтіңіздер деді. Кеше кешке дейін күттік.
Таңертең сағат 7-де тағы телефон соқтық. Әлі жоқ. Жылдамырақ келіп
көмектессе, жақсы болар еді. Өзіміздің
суды сорғызатын мүмкіндігіміз жоқ. Ақшаны қайдан аламыз?
Қаланың орталық көшелеріндегі бүгінгі жағдайға келсек, су біршама азайған. Мектептер мен балабақшалар да біртіндеп
жұмысын жалғастыруда. Дей тұрғанмен, құтқарушылар арқаны кеңге салуға әлі ерте
дейді. Өйткені ауа райын болжаушылар, аймақта жаңбыр аптаның соңына дейін
болатынын, хабарлаған. Облыс басшылығы жағдайдың бақылауда екенін айтып,
жауыннан келген шығынды арнайы комиссия есептейтінін мәлімдеді.
Базаркүл
НӘДІРҚЫЗЫ