Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Астана» арнасындағы «Біз біргеміз» бағдарламасының кейіпкеріне Сеул қаласында сәтті операция жасалды

AstanaTV
13.05.2015ж. 20:00
2067
«Астана» арнасындағы «Біз біргеміз» бағдарламасының кейіпкеріне Сеул қаласында сәтті операция жасалды

Қазіргі күні қоғамда қайырымды, жүрегі жылы жандар жетерлік. Оған 15 жастағы Айдана Балташованың көзі жетті. «Астана» арнасындағы «Біз біргеміз» бағдарламасының кейіпкеріне өте қымбат ота жасау қажет болатын. Ал Оңтүстік Кореяда жасалатын емге отбасының жағдайы жоқ. Бірақ қаршадай қыздың тағдырына көрермендеріміз бей-жай қарамай, көмек қолын созды. Соның арқасында Айдана толығымен сауығып кетуге мүмкіндік алды. 

Отаның өзі бір сағатқа созылады. Біз соңғы отаны жасаймыз. Трахеостоманы алып тастауға тырысамыз. Дауысы пайда болуы үшін дауыс желбезегін лазермен кесеміз.

Осы ота үшін Айдана Балташова мыңдаған шақырымды артқа тастады. 15 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынына «папилломатоз» деген диагноз қойылған. Ол есін білгелі бері күнін тамағында тұрған түтіксіз елестете алмайды. Бірақ Сеул мамандары Айдананың басты арманы -  «еркін тыныстап, сөйлеуді, «ана» деген сөзді айтуды» орындауға уәде берді. Бұл қаршадай қыздың басынан өткерген үшінші операциясы еді.

Әсел Сманова, Айдананың анасы:

Бұл енді біздің соңғы операциямыз деп есептейміз. Сенеміз де. Себебі, міне, неше жыл болды, күресіп келе жатырмыз. Сол өзіміз де іштей сезініп отырмыз.

Туғаннан бері не еркін сөйлей, не еркін тыныс ала алмайтын Айданаға сауығып кету үмітін тек кореялық дәрігерлер ғана емес, көптеген қазақстандықтар да сыйлады. «Астана» арнасындағы «Біз біргеміз» бағдарламсынан кейін көмек қолын созған адамдардың қатары көп. Бірақ Айдана шексіз алғысын Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізгісі келеді. Себебі жақында Қазақстан Президентіне «Жібек жолы әлемі» сыйлығы берілді. Ал, Елбасы өз кезегінде сыйақының 300 мың долларын Аружан Сайн қорына аударды. Сол қаржының бір бөлігі қарағандылық қыздың операциясына жұмсалған.

Қазір ол оянып, жансақтау бөлімінде жатыр. Операция кезінде шағын папилломаны анықтадық. Бірақ біз енді Айданаға ешқандай операция жасалмайды деген ойдамыз. Бұл соңғысы.

Сеул дәрігерлері санаулы күндерден кейін Айдана еркін тыныстап, сөйлеп қана қоймай, өлең де айта алады дейді. Ауруханадан шыққаннан кейін көп қиындық көрген қыз өзіне көмек қолын созған барша қазақстандықтарға алғыс айтқысы келеді. 

Айдана Балташованың арман жолындағы оқиғасы туралы ертең сағат 13.10-да «Астана» арнасынан «Біз біргеміз» бағдарламасынан көре аласыздар. 
  
Берік ХАСЕНОВ