Астана әуежайында Эбола дертіне қарсы кезекті жаттығу өтті. Санитар дәрігерлердің айтуынша, бірқатар Африка елдері қатерлі дертті жеңгенін мәлімдегенімен, қауіп әлі сейілген жоқ. Отандық дәрігерлер: «Батыс Африкадан тараған дертті елге енгізбеу үшін дайындық қажет», -дейді.
Астана халықаралық әуежайының шұғыл қызметі өткізген жаттығу сценариі бойынша дабылдан кейін дәрігерлер аяқтарынан тік тұрды. Тәртіп қызметкерлері жаңа қонған ұшақтың алдын оқшаулап, ешкімді шығармады және кіргізбеді. Тек арнайы киім киген мамандар ұшақ ішіне енді. Жолаушылар тексеріліп, күдікті науқас арнайы «боксқа» жатқызылды. Содан кейін ұшақтың іші мен жолаушының жүгі залалсыздандырылды. Қауіпті дертке шалдыққан адам анықталған жағдайда барлық жолаушылар тізімге алынып, бір ай көлемінде бақылауда болады, - деп түсіндірді дәрігерлер. Соңғы ақпаратқа сәйкес Эбола дертіне 26 мыңдай адам шалдыққан.
Айта кетейік, осы аптада Либерия бақылаудағы 42 күн ішінде елде бірде-бір науқас тіркелмегенін айрықша мерекеледі. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қуануға әлі ерте екенін ескертеді.
Дәрия Әзімбаева, Көліктегі тұтынушылар құқығын қорғау департаменті Санитарлық- карантиндік пункттер бөлімі басшысы:
Оқу жаттығудың мақсаты аурудың алдын алу. Осындай қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу және елімізге сондай аурулардың енуін болдырмау. 2014 жылы 23 тамызынан бері біз барлық халықаралық әуежайларға келетін рейстарды тепловизор арқылы қарсы аламыз. 2014 жылы Астана қаласының әуежайында жоғары қызуы көтерілген 7 адамды анықтадық. Бірақ олардың барлығы жұқпалы ауруларға жатпайтын аурулар болды.
Берік ХАСЕНОВ