Алматыда
өртеніп кеткен «Адем» сауда орталығының саудагерлері Президенттен көмек сұрады.
Кәсіпкерлерден құрылған бастамашыл топ Елбасының атына хат жолдап, шығынға
батқандарын баяндаған. Ал «жергілікті атқарушы билік пен сауда
орнының иелерінен бір айдан бері қайыр жоқ» дейді. «Тиісті органдар
тарапынан жасалған сараптама нәтижесі мен қозғалған қылмыстық істің қорытындысы
беймәлім. Сондықтан кінәлі тарапты сотқа беру де мүмкін болмай отыр», - дейді зардап шегушілер.
Десе де, 300-ден астам саудагер қазір заңгер жалдап, сотқа
талап-арыз беру үшін тиісті құжаттарды
жинастыруда. Сондай-ақ олар сауда орталығына иелік ететін «Алматы жиырма
бірінші ғасыр» деп аталатын компанияның активін тексеруді талап етеді. Енді
олар жалға берушілер өз еркімен өтемақы төлемесе, сот арқылы өндіріп алуға
бекініп отыр.
Раушан
Байжанова, кәсіпкер:
Жергілікті
әкімшілік бізге ешқандай жағдай жасаған жоқ. Міне 1 ай болды үнсіз отыр.
Ешқандай көмек қолын созбады. Сондықтан біз амалсыздан Елбасының атына хат
жазуға шешім қабылдадық.
Айта
кетейік, 26 сәуір күні «Адем» сауда орталығы отқа оранды. 25 мың шаршы метр
аумақ күлге айналған еді. Қазір қызыл жалыннан зардап шеккендердің саны 3 мыңға
жуық деген бейресми ақпарат бар. Барлығы 1680 сауда нүктесі өртеніп
кеткен. Орталық Азиядағы ірі сауда орнынан қалған қоқыстар әлі күнге дейін
тазаланып жатыр.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ