$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Алматыда отандық гүл өсірушілер 5 жылдық мерейтойларын атап өтті

AstanaTV
25.05.2015ж. 20:00
1434
Алматыда отандық гүл өсірушілер 5 жылдық мерейтойларын атап өтті

Демалыс күндері Алматыда гүл өсірушілер өзара сынға түсті. Отыз қатысушы - олардың арасында жас буын өкілдері де бар - «үздік» атану үшін өзара таласты. Шара «Гүл қала» фестивалі аясында өткізілді. Тұңғыш Президент саябағындағы алматылықтардың ерекше көңіл-күйіне Айгүл Ермахан куә болып қайтты.

Алматылықтардың мерейіне айналған "Гүл қала" фестивалі, биыл өзгеше өтті. Бұл жолы тәжірибелі гүл өсірушілерге жас натуралистер қосылып, шеберліктерін шыңдады. Шараның жоғары шарттарына қарамастан, 8-сынып оқушысы Айя Оразақаева "Бақыт кемесі" композициясын тұрғызыпты. Ол бұл еңбегін Жеңістің 70 жылдығына, бабалар ерлігіне арнаған.

Айя Оразақаева:

Бірінші рет қатысып тұрмын. Бұл сыйлық біздің аталарымызға ұнайды деп ойлаймын.

Саябақта бұл күндері сан түрлі гүлдердің жұпар иісі аңқыды. Көз жауын алар түрлі раушан гүлдермен басталған гүл шеруін, лала гүлдері жалғастырды. Ал, фестивальдің басты тартуы - көлемі 450 шаршы метрлік гүл кілем болды. Қазақтың ою-өрнегі сан алуан бақыт гүлімен көмкеріліпті. Мұндай кереметті гүл өсірушілер бірнеше күнде жасаған.

Татьяна Солдатенко, фестиваль ұйымдастырушысы:

Фестивальге 10 мың гүл әкелінді. Оның басым бөлігі отандық. Қалғанын Еуропадан әкелдік. Жалпы шараның аясын кеңейту үшін кәсіби мамандармен қоса, қала тұрғындары да белсенді ат салысуы қажет.

Ұйымдастырушылардың ақпарынша, гүл фестивалін жүз мыңнан аса халық тамашалаған. Келушілер табиғат тамашасына тәнті болып қана қоймай, жергілікті  өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Ал, қуыршақ театры сахнаға шыққанда ерекше шаттанды.

Талғамы жоғары қалың көпшілікті таңдай қақтырған үздік флорист көп ұзамай белгілі болды. Бұл жолғы бас жүлде 1 млн теңгені Әуезов ауданының тұрғыны Екатерина Козлова иеленді.

Айгүл Ермахан, тілші:

Миллиондаған гүлдерден құралған сұлулыққа сүйсінбеген жан болмады. Олардың арасында, өздеріңіз көріп отырғандай, кішкентай бүлдіршіндер де бар. Бірі иісі мұрын жаратын гүлдерді иіскеп, енді бірі естелікке суретке түсіп мәз. Ал шараға ат салысқан компаниялардың басты мақсаты - Алатау бөктеріндегі әсем Алматыны гүл қалаға айналдырып, әлемдік деңгейге таныту болатын. Бұл үәдеден шығу үшін, отандық гүл өсірушілер бүгін барын салды.

Айгүл ЕРМАХАН