Қостанай облысында киіктердің
қырылуына пастереллез ауруы себеп болды. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің
баспасөз қызметі ресми түрде осыны мәлімдеді,-деп хабарлайды
«Интерфакс-Қазақстан». Айта кетейік, өлген ақбөкендердің жалпы саны 90 мыңға
жуықтап қалды. Дала жануарларының шығыны ең көп тіркелген Қостанай облысында 82
мыңға жуық ұша жойылды. Ақтөбе облысында жер жастанған киіктер 3 мыңнан асады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі
комитеті мамандары өлекселерді өртеп, көму жұмыстарын жүргізуде. Ақбөкендер
ажал құшқан тағы бір аймақ - Ақмола облысында қырылған киік саны 4293-ке жетті.
Бұл індеттің неден таралғанын нақты зерттеу үшін Ақмола облысына Ұлыбритания
Корольдік ветеринария колледжі мен Франкфурт зоологиялық қоғамынан ғалымдар
шақыртылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауыл шаруашылық және азық-түлік ұйымы
мамандары да зерттеу жүргізуде.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА