«Киіктердің қырылуына гептилдің
тікелей әсері бар». Ауыл шаруашылғы министрлігінде өткен жұмыс тобы жиынында
«Антигептил» қоғамдық қозғаласының белсенділері осындай пайым жариялады.
Қоғам белсенділері киіктер
мыңдап қырылып жатқанда, бұл жайттың себебін анықтауға Энергетика министрлігі
мен Төтенше жағдайлар комитетінің басшылары неге келмеді деп шенеуніктерге
шүйлікті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінде 120 мыңнан астам киіктің
өлексесі жойылғанын хабарлады. Қостанай және Ақтөбе облыстары аумақтары
киіктердің өлекселерінен толық тазартылған. Бүгінде бұл өңірлерде 112 475 бас
киік қырылғаны нақты. Ал Ақмола облысында 8 502 бөкен арам қатты. Өлген
киіктердің 90 пайызы - аналық жануарлар.
Мақсат Нұрыпбаев, «Антигептил»
қоғамдық қозғалысының белсендісі:
Сіздер тек табиғи әсер деп
қарап жатырсыздар. Неге химиялық уланудан болуы мүмкін деп ойламайсыздар?
Біздің ойымызша, киіктердің жаппай қырылуына құрамында улы гептил бар «Протондар»
себеп немесе Сарышаған мен Капустин Яр полигондарындағы сынақтардың ядролық
әсері де болуы мүмкін. Сарышаған Бетпақдаланың ортасында тұр. Ал Капустин Ярдың
басым бөлігі Ресей жерінде болса да, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының
аумағын да алып жатыр.
Ал киіктер неден қырылып жатыр
деп бас қатырған жұмыс тобы бір шешімге келе алмады. Түрлі версия айтылды. Бірақ нақты себепті көзге
түртіп ешкім ашық айта алмай отыр. Министрлік өкілдері киіктер улы шөптен
улануы мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды.
Ерлан Нысанбаев, ҚР АШМ орынбасары:
Оны олар жоққа шығармайды. Ол да бір версия. Шөптен уланған. Бірақ басқа тек қана шөптен, жаңбырдың молшылығына байланысты, ылғалға байланысты, шөптің қалың өсуіне байланысты, сол жерде сол мерзімде сол шөптердің өзінің бір қасиеттері бар деген сияқты версия - ол көптеген версияның бірі ғана.
Бетпақдаланы мекендеген
бөкендердің қырылуына қатысты депутаттар да үн қатты. Бүгін депутат Уалихан
Бишімбаев Премьер-министр атына сауал жолдап, істің ақ-қарасын анықтауды талап
етті.
Уәлихан Бишімбаев, ҚР
Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мәселенің мән-жайын анықтау керек. Өйткені пікірлер сан алуан. Сондықтан алда киіктердің қырылуына жол бермеу үшін және Қазақстанның жануарлар әлемін сақтап қалу үшін, тиісті шаралар қолданылуын сұраймыз.
Айгүл ӘДЕПБАЙ