$474.83 €515.38 ₽5.5
×

Мемлекет қаражатын жымқырған Ақтөбедегі көші-қон полициясының қызметкерлері жазаланды

AstanaTV
27.05.2015ж. 20:00
1161
Мемлекет қаражатын жымқырған Ақтөбедегі көші-қон полициясының қызметкерлері жазаланды

Полицейлер мен бір топ оралман ортақ қылмыс үшін жазаға тартылды. Ақтөбеде көші-қон полициясының қызметкерлері мемлекеттен бөлінген қаражаттың 45 млн теңгеден астамын алаяқтық жолмен иемденген. Осы іс бойынша бүгін сот отырысы өтті. Айыпталушылар қатарында этникалық миграция және босқындармен жұмыс басқармасының басшысы Гүлмира Бексұлтанова және көші-қон полициясы басқармасы бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Танбетова бар. Лауазымды тұлғалармен бірге қылмыстық топ құрған 3 оралман да жауапқа тартылды.

Тергеу барысында анықталғандай, бұл азаматтар «Моңғолиядан Ақтөбеге қоныс аударды» деген желеумен 26 отбасына жалған құжат даярлаған. «Елге оралады» деген қандастарымыз көшіп келмесе де, олар мемлекеттен көмек ретінде бөлінетін қаржыны қолды қылған. Сот Бексұлтанованы 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Ал, бөлім инспекторы Танбетова бір жарым млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Қылмыстық топ құрамында болған екі оралман 4 жылға темір торға қамалатын болды. Олар бесеуі бірігіп, қолды қылған 45 млн 246 мың теңгені қайтаратын болады.

Зинаида Шмирова, Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы:

Сот Қылмыстық кодекстің 163-ші бабы негізінде 3 жылға шартты жаза кесті. Ал, 306-баптың 2-бөліміне қатысты айтар болсам, бұл қылмыстың орташа түріне жатады және бұл қылмыс кешірім беру туралы заңды қабылдағанға дейін жасалған. Осыны ескере отырып, сот 1 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеді, яғни 1 млн 512 мың теңге.

Мансұр ЕСҚОЖИН