Қостанайлық қос қария қалалық қорымдағы
қабірге таласып жүр. Шаһар шетіндегі зиратқа осыдан 29 жыл бұрын олардың
аналары жерленген көрінеді. Алайда Янина Федорова анасын көмген жерге өзге адамдардың құлпытас орнатып, иемденіп
алғанын айтады. Ал, келесі тарап болса сот шешіміне сәйкес бұрынғы
белгілерді жойып, қабірді
жаңғыртқандарын айтады. Қабір үшін талас туралы Заңғар Санайдың материалында.
Янина Федорова 1986 жылы қалалық зиратқа
анасын жерлеп, темірден ескерткіш белгі қойыпты. Тіпті, сол тұста берілген
рұқсат қағаздардың көшірмесі мен қорымның архитектуралық жоспары бар. Құжатқа
сәйкес, "марқұм анам, журналда тіркелгендей, номері 17108 теліміне
жерленген", - дейді зейнеткер. 7 жыл бұрын қабір басына мәрмәр тастан белгі
орнатып, айналасын қоршаған. Бірақ көп ұзамай құлпытас пен қоршаудың қиратылып,
орнына бөгде адамның аты-жөні жазылған көрінеді.
Янина Федорова:
Кімге дұға етерімді білмей, қатты
қиналдым. Бөтен адамның басына бармаймын ғой. Қазір анамның қабірі қайда
қалғанын, оны қайдан іздейтінімізді
білмей отырмыз.
Анатолий Лемзиков, Я.Федорованың жұбайы:
Лозовая деген ханым сотқа талап-арыз жазып,
біз оның анасының қабіріндегі қоршау мен белгілерді қиратты деп шағымданыпты.
Бірақ менің айтарым, ол жерде ешқашан Лозоваяның ескерткіші мен темір қоршауы
болмаған.
Қабір дауы басталғаннан бері талай
соттың табалдырығын тоздырдық, - дейді қариялар. Тіпті Жоғарғы сотқа дейін
талап-арыз түсіріпті. Алайда алғашқы шешімге еш өзгеріс енгізілмеген.
Гүлнәр Ысмайылова, Қостанай облыстық сотының судьясы:
Істі қайта
қарау барысында сот молекулярлық-генетикалық сараптама тағайындаған болатын. Бірақ сарапшылар
осы мәйіттен алынған материалдың сараптама жүргізуге жарамайтындығын хабарлағандықтан, шешім шығарылғанда, сот, қабірден алынған мәйіттің киімдерін Федорованың берген түсініктемесінде
берген ақпараттарына сәйкес екендігін, назарға ала отырып, жаңа шешімді тағы да
Лозоваяның пайдасына шешкен болатын.
Ал, қабірге таласқан екінші тарап
тілшілермен кездесуге келіспеді. Тек телефон арқылы мынаны айтты.
Людмила Лозовая, Қостанай қаласының тұрғыны:
Біздің қабір тұрды. Олар қиратып, орнына салған. 21 жыл бойы зират
басына келмеген. Кейін бюродан анықтап, анасының басына келгенде, басқа адамның
жатқанын көреді. Сосын біз қойған ескерткішті бұзып, өздерінің анасының
аты-жөнін жазып қойған.
Анасының моласын жоқтап жүрген
Янина Федорова мен жұбайы бүгін тағы қалалық ішкі істер бөліміне барып,
мәселенің мәнісін анықтап беруді өтінді.
Заңғар Санай, тілші:
Полицйелер тағы тергеу амалдарын
жүргізсе, қалалық зиратта жасалған қиянаттардың мәнісі анықталып, біраз
былықтың беті ашылуы мүмкін. Өйткені қорымдағы жер телім үшін пара алған
серіктестік басшысы жазаға тартылып, 12 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеген
болатын. Экс-директор ақша үшін аруақтардың моласын ауыстырып, қабірді саудаға
салуы мүмкін деген болжам жасайды қала тұрғындары.
Заңғар САНАЙ