Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодарлық тұрғын мәйітханада есін жиған

AstanaTV
27.05.2015ж. 20:00
839
Павлодарлық тұрғын мәйітханада есін жиған

Павлодарлық Евгений Гричко «өліп, қайта тірілгенін» айтады. 68 жастағы зейнеткердің айтуынша, жүрек талмасынан кейін тамыр соғысын сезбеген дәрігерлер оны мәйітханаға апарып тастаған. Араға уақыт салып, қария мәйіттердің арасында ес жиғанын айтады. Оқиға облыстық туберкулезге қарсы диспансерде орын алған. Аталған ауруханада наурыздан бері емделіп жатқан Евгений Гричконың денсаулығы мамырдың 3-і күні аяқ-астынан нашарлап кетеді. Қысымы көтеріліп, жүрегі қысылған науқасқа алғашқы жәрдем көрсетілген. Бірақ ақсақал не себептен мәйітханада жатқанын әлі түсіне алмай дал.

Евгений Гричко:

Ояна келсем, тақтайдың үстінде жатыр екенмін. Екі жігіт қасымдағы мәйіттердің бірін алуға келсе керек, мені көріп... анау отыр, деді де, шығып кетті. Содан медбикелер келіп, мені қайта алып кетті. Меніңше, олар мені өлді деп санаған. Естуімше, бұның алдында жүрегім тоқтап қалыпты.

Медициналық мекемеде Евгений Гричконың бір жарым айға жуық ем-дом алғанын мұндағылар жоққа шығармады. Дәрігерлердің айтуынша, қарияда туберкулезбен қоса басқа да сырқаттар болған. Науқас денсаулығының күрт төмендеуі де соның салдарынан дейді. Жансақтау бөлімінде үш күн жатыпты. Алайда, емделушінің мәйітханаға түскендігі жайлы ақпаратты растамады. 

Ривзангүл Смағұлова, Павлодар облыстық туберкулезге қарсы диспансер бас дәрігерінің орынбасары:

Бұл ақпаратқа қатысты диспансерде тексеру жұмыстары жүргізілді. Науқастың жатқан бөлімшесі мен оны ауыстырған бөлімшедегі жазбаларда мұндай факт тіркелмеген. Демек, оның мәйітханаға түсуі мүмкін емес.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ