Еуразиялық
экономикалық одағы ұйымға мүше емес үшінші мемлекеттермен алғашқы халықаралық
келісім құжатына ертең Бурабайда қол қояды. Вьетнам Республикасы еуразиялық
бестікпен еркін сауда аймағын құруға ниетті. Бүгін экономикалық одақ комиссиясы
Бурабайда талқыланатын бірқатар мәселелерді сөз етіп, келісім құжаттарының
жобасын пысықтады. Толығырақ Азамат Алдоңғаровтың материалында.
Еуразиялық
экономикалық одақ жұмысын бастағалы, қысқа мерзім ішіндегі алғашқы халықаралық
құжатына ертең одаққа мүше мемлекеттер премьер-министрлерінің кеңесінде қол
қойылуы тиіс. Бурабайдағы жиын бестіктің өрісін кеңейтіп, Вьетнаммен арадағы
еркін алыс-беріске жол беріп, Оңтүстік-шығыс Азияға терезе ашпақ.
Бақытжан
Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Вьетнаммен еркін сауда аймағын құрамыз. Сол
бойынша ертең Вьетнамның премьер-министрі де біздің елге келеді. Сол жерде қол
қойылатын болады. Ұлкен құжат, өйткені біз айтып отырмыз, Вьетнам біз үшін Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттеріне шығатын біздің жалғыз тереземіз болады деп.
Ертеңгі
кеңестің күн тәртібіндегі келесі өзекті мәселе - Қазақстан мен Ресей арасындағы
халықаралық жүк тасымалдаушылардың проблемасы. Дәлірегі, кедергіге негізінен
қазақстандық тасымалдаушылар тап болып отыр. Отандық жүк тасымалдаушылар
қауымдастығы өкілдерінің айтуларынша, екі ел арасында шекара мен кедендік
бекеттер болмағанымен, Ресей тарапы өз аумағынан өткен біздің жүргізушілерден
"жылу жинайтын" көрінеді.
Бақытжан
Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Айтуларына
қарағанда біздің ассоциацияның, жылдың басынан бері біз 2 млн еуро төлеп
отырмыз. Ал бізге келетін болсақ, мысалы, Ресей тарапынан шыққан көліктер біздің
территориядан Өзбекстанға, басқа мемлекеттерге өтетін болса, біз ешкімді
тоқтатпаймыз, олар еркін одақтың көлемінде жүріп тұрады. Сондықтан, біз айтып
отырмыз, барлығына бірдей жасалған дүние, соны бірге қабылдау қажет. Қазір
басшыларының делегациясынан түсіністік бар. Негізгі құжаттың жобасын
дайындадық. Ертеңгі кеңесте бұл мәселе өзінің шешімін табады деп ойлаймын.
Еуразиялық
экономикалық одақтың «бас ауруы» болған кезекті мәселе - алкоголь және темекі
өнімдеріне бекітілетін акциз құны. Одақтың ішкі тәртібіне сәйкес олардың
мөлшері біркелкі реттелуі керек болғанымен, іс жүзінде мүше мемлекеттер
арасында баға алуандығы байқалады. Бақытжан Сағынтаев ертеңгі кеңесте жосықсыз
бәсекенің біржола жойыларынан үмітті.
Бақытжан
Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Бүгінгі
күнде, мысалы, Ресей нарығына немесе Беларусь нарығына кіруіне көптеген
кедергілер бар. Біз айтып отырмыз, осы акцизбенен кедергілерді бір мезгілде
шешуіміз керек. Осы мәселе де қазір көтерілді. Ертең
премьер-министрлердің кеңесінде ары қарай талқыға түсетін болады.
Үкімет басшыларының жоспарлы жиынының шағын
аңдатпасын жасаған вице-премьер, бестік арасында ауыл шарушылығы техникаларын
құрастыру және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы серіктестікті барынша нәтижелі ету
үшін, одақтастар арасында кооперация болатынын, айтады. Көптен шешімін күттірген тағы бір
түйін - тері бұйымдарының біркелкі таңбалануы. Журналистер алдына шығудан бас
тартқан өзге әріптестері үшін кешірім сұраған Бақытжан Сағынтаев бүгінгі
кеңесте сөз болған сұрақтар мен Бурабай күн тәртібін осылайша қысқа қайырды.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ