Еліміздегі сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің қазақ тіліндегі
нұсқасы әлі күнге қатеге толы. Өйткені түпнұсқа мәтін алдымен орыс тілінде
жазылып, кейін қазақшаға немқұрайды аударылады. Бұл үрдіс әлі өзгеріссіз.
Орал қаласында өткен «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» деп
аталған алқалы жиында тіл жанашырлары осы саладағы олқылықтарды сөз етті.
Мәселен, Оралдағы 4100-ге жуық кәсіпкерлік нысанының жыл басынан бері 650-і
тексерілген. Тексерілген нысандардың 30 пайызынан түрлі қателер табылыпты.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары шалағай аудармалар мен
мағынасыз мәтіндерден аяқ алып жүргісіз екендігін айтады. Тіл жанашырлары бұл
кемшіліктермен қоғамның әр мүшесі белсене күресуі керек дейді.
Мұхамбедия Ахмет-Төре, медицина ғылымдарының докторы:
Қате аударма деген - менің жалаңаш жарама тұз сепкендей нәрсе. Қалтамда фотоаппаратым
жүреді, көрген қателерді көшеде мынаған түсіріп аламын. Сол мекеменің
басшысына барып: «Кешіріңіз, Қ-ның өкшесі жоқ, Ө-нің белбеуі жоқ, Ұ-ның құйрығы
басқа жаққа қайқайып тұр. Бұл басқа сөз болып кетті, жөндеңіздер»,- деймін.
Соттасып айқайласып, бет жыртыспаймын.
Еркін КАРИН