Атырауда сирек көне кітаптар көпшілік назарына ұсынылды. Араларында бір
жарым ғасыр бұрын баспадан шыққан кітаптар бар. Мысалы, «Шахнаманың» Атырау
облысында сақталған жалғыз нұсқасы бар. Көрмеден сондай-ақ Ахмет Байтұрсыновтың
1914 жылы Орынборда жарық көрген төте жазумен жазылған «Қазақша алфавиті»
кітабын көруге болады. Көпшілікті қызықтырған - 1952 жылы баспадан шыққан 65 мың
сөзден тұратын орысша-қытайша сөздік, сондай-ақ қалта кітаптары да бар.
Көрмеге
университет қорында және Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап
кітапханада сақталған ең көне жүзге жуық кітап қойылды. Ішіндегі ең ауыр кітап 5 келі тартады. Ол 19 ғасырда славян тілінде басылған. Мұқабасы теріден
жасалғандықтан, бүгінге дейін жақсы сақталған, - дейді кітапхана директоры.
Ақмарал Дәуітқұлова, Х.Досмұхамедов
атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғылыми кітапханасының директоры:
Ол кітаптың мұқабасы қойдың терісінен жасалған деген болжам бар. Бұл
кітаптың электронды нұсқасын жасадық. Өйткені кітаптар ұстай берген сайын,
ескіріп, тозып, үгітіле береді. Сондықтан осы күні 20-ға жуық электронды
нұсқасы бар. Студенттер мен ғалымдарға өте керемет дерек көзі болып табылады.
Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ