Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Италиядағы EXPO-2015 көрмесінде қазақстандық павильон қоюға 17 миллион еуро жұмсалды

AstanaTV
28.05.2015ж. 20:00
712
Италиядағы EXPO-2015 көрмесінде қазақстандық павильон қоюға 17 миллион еуро жұмсалды

Қазақстанның Италиядағы EXPO-2015 көрмесіндегі павильонына 17 миллион еуро жұмсалды. Бұл туралы журналистермен кездесуде дүниежүзілік көрмедегі Ұлттық секцияның бас комиссары Әнуарбек Мусин мәлімдеді. Айтуынша, құны үш миллиард теңгеден асатын қазақстандық павильон көрмеге қатысушы 147 елдің ішіндегі ең арзаны.

Отандық мамандардың көрмеге арнап таңдаған тақырыбы - «Қазақстан - мүмкіншліктер елі». Алайда идея өзіміздікі болғанмен, еліміздің көрме кешенін ұйымдастырумен германиялық «Facts and Fiction» компаниясы айналысқан. Қазір үш мың шаршы метр аумақты алып жатқан отандық павильонда 150-ге жуық адам қызмет етуде. Сондай-ақ, көрмеде этно-мәдени бағдарлама аясында қазақстандық әртістер өз өнерлерін паш етуде. Отандық павильонға күніне бес мыңға жуық қонақ келуде.

Италияның бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, қазақстандық павильон көрмеде келушілер саны бойынша алғашқы бестікке кіреді. Еске салсақ, Миланда өтіп жатқан EXPO-2015 көрмесі 31 қазанға дейін жалғасады. 

Әнуарбек Мусин, «Милан Экспо -2015» дүниежүзілік көрмесіндегі қазақстандық секцияның бас комиссары:

Қазақстан ЭКСПО-2015-ке қатысатынын 2012 жылы растаған болатын. Яғни соңғы үш жыл бойы әзірлік жұмыстары жүргізілген. Ұлттық павильонның жалпы бюджеті 17 миллион еуроны құрады. Павильон өз құнына сай, сапалы жасалған. Мен көрмеде болып, өзге павильондарды өз көзіммен көріп қайттым. Біздің отандық көрме кешені ең арзан павильондар қатарында болса да, ең сапалы деп айта аламын. 

Жұрағат БАМАН