$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиус Ұлыбританияның Еуроодақтан кетуін қаламайды

AstanaTV
29.05.2015ж. 10:00
1609
Францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиус Ұлыбританияның Еуроодақтан кетуін қаламайды

Францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиус Біріккен королдіктің Еуропалық одақ құрамынан шығу ниетін қатерлі қадам санайды. Ол Ұлыбритания одақ құрамында қала берсе деген тілегін жасырмады. «Фабиус өзінің саяси көзқарасын ағылшын премьер-министрі Дэвид Кэмеронның Парижге сапары қарсаңында, жергілікті радиостанциялардың біріне берген сұхбатында айтты» деп хабарлайды «Рейтерс» агенттігі.

Еске салайық, жуырда болған сайлауда жеңіске жеткен консерваторлар, 2017-жылдың соңына дейін Ұлыбритания Еуроодақ құрамында қалу-қалмау туралы референдум өткізетінін мәлімдеген. Бұл жөнінде жақында ғана Елизавета II-ші патшайым да ресми ұйғарым жариялады. Дегенмен, Францияның Сыртқы істер министрі, бұл референдумды құптамайды. Ол Ұлыбританияның Одақтан шығуы Еуропаға айтарлықтай теріс әсерін тигізетінін айтады. Пайымынша, бұл - алдымен инвесторлардың теріс айналуына жол ашатын қадам.

Лоран Фабиус, Францияның сыртқы істер министрі:

Дэвид Кэмерон бұл мәселеде тәуекелге тым бас тігіп отыр. Біз Ұлыбритания бұрынғысынша Еуропалық одақта қалады деп үміттенеміз. Біріккен Корольдік - бұл сыртқы саясат пен қорғаныс саласында толыққанды ұстанымы бар ұлы мемлекет. Егер де Еуроодақ қатарынан мұндай мықты мемлекет кететін болса, онда Еуропаға бұл теріс әсерлер туғызбақ.

Данияр ӘЛІМБЕК