$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Теміртаудағы балабақшалардың бірінде шу шықты

AstanaTV
29.05.2015ж. 10:00
985
Теміртаудағы балабақшалардың бірінде шу шықты

Ел жаңалықтарына оралсақ. Теміртаудағы «Кораблик» балабақшасында үлкен дау туды. Мекеменің бұрынғы қызметкерлері мен ата-аналардың айтуынша, меңгеруші қызметтік бабын асыра пайдаланып, теріс қылықтар жасаған. Мәселен, балабақшаның кірін жудырудың орнына өз киімдерін үйден әкеліп жуғызыпты. Одан басқа тәрбиешілерді өз үйінде де жұмысқа салған. Тараптардың пікірін тілшіміз тыңдады.

Абзал Құрманкин:

Магеррам Гусейнов «Кораблик» балабақшасында 9 жыл бойы еңбек етіпті. Осы уақыт аралығында әділетсіздікке тойдым деп қынжылады бұрынғы ағаш ұстасы.

Магеррам Гусейнов, «Кораблик» балабақшасының бұрынғы жұмысшысы:

Директор өз моншасында жөндеу жұмыстарын істеу керек деді. Кейін балабақшадан материал тасыдық, жөндеп бердім. Бірақ ақша төлемеді. Баласы полицияда істейді. Маған телефон шалып, ешкімге арыз жазба деп ескертті.

Абзал Құрманкин:

Вера Девятованың да мекеме меңгерушісіне өкпесі қара қазандай. Кір жуу бөлімінде жұмыс істеген ол, ара-тұра меңгерушінің отбасы мүшелеріне тиесілі киімдерді тазалап келгенін айтады.

Вера Девятова, «Кораблик» балабақшасының бұрынғы жұмысшысы:

Кейде директор әкелетін киімдердің көп болғаны сонша, мен өз жұмысымды істеп үлгермейтінмін. Балабақша меңгерушісі немерелерінің киімдерін, ойыншықтарын, полицияда істейтін ұлының формасын әкеліп жудыратын.

Абзал Құрманкин:

Ал, қала тұрғыны Наталья Бодик осы балабақшаның кесірінен өз баласының дертке шалдыққанын айтады. Кішкентай Сашаның асқазаны жиі ауыратын болған.

Наталья Бодик, Теміртау қаласының тұрғыны:

Балам үйде болған кезде денсаулығы сыр бермейді. Ал балабақшаға барса болды, аурулары шыға бастайды.

Абзал Құрманкин:

Ал басы дауға айналған мекеме жетекшісі болса, бүкіл айыптарды негізсіз деді. Теріс қылықтардың бәрі жұмыстан кеткен қызметкерлердің өкпесі деп отыр. Шын мәнінде жөндеу жұмыстары үшін ата-аналардан ақшаны жинаған жоқпын, балаларды жақсы тамақтандырамыз, - деді.

Светлана Ковальская, «Кораблик» балабақшасының меңгерушісі:

Өз жұмысын тиісті деңгейде атқармағаны үшін жұмыстан қуылған адамдар мен туралы жаман айтып отыр. Мен олардан ақша, не басқа бірдеңе талап еттім бе? Жоқ. Олар жұмыстан кету туралы арызды өз еркімен жазды.

Абзал Құрманкин:

Балабақшаның бұрынғы қызметкерлері өз арыздарын Ішкі істер департаментіне, Білім беру басқармасына, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет ісі және жемқорлықпен күрес агенттігіне жолдады. Енді бұл дауға құзырлы орган өкілдері араласпақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН