Теннистен
Франция ашық чемпионаты жалғасуда. Ерлер арасындағы сайыста сынға түсіп жатқан
Новак Джокович дәрежелі жарыстың ширек финалына шықты. Төртінші кезеңде Сербия
спортшысы-Франция теннисшісі Ришар Гаскемен жолықты. Кездесу басынан ойын
тізгінін қолына алған әлемнің бірінші ракеткасы алғашқы сетте 6-1 есебімен
басым түсті. Үзілістен кейін намысқа тырысқан алаң иесі есепті теңестіру үшін
аянып қалмады. Бірақ, сәт сайын қорғанысын берік ұстап, шабуылда тура
соққылармен ерекшеленген Сербия теннисшісі 6-2 есебімен үздік шықты. Үшінші
сетте ойынға айтарлықтай өзгеріс әкеле қойған жоқ. Новак Джокович бірқалыпты
өнер көрсетсе, Гаске жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмады.
Қорытынды есеп 6-1,6-2,6-3. Енді ширек финалда Новак Джокович испаниялық Рафаэль
Надальмен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Самат ҚАНАҒАТОВ