×

Қытайда өзен түбінде жатқан кемеден 65 жастағы әйел құтқарылды

AstanaTV
02.06.2015ж. 20:00
1559
Қытайда өзен түбінде жатқан кемеден 65 жастағы әйел құтқарылды

Қытайда суға батып кеткен кемеден 65 жастағы әйел құтқарылды. «Оның қатты қорыққаны болмаса, жағдайы бір қалыпты», - деп хабарлайды Рейтерс. Апат болған Янцзы өзенінде құтқару шаралары жалғасып жатыр. Бірақ қолайсыз ауа райы құтқарушылардың жолын бөгеуде. Су түбіне кеткен кеме ішінде әлі де адамдар бар. Алайда оларды аман алып шығу мүмкіндігі уақыт өткен сайын азайып барады. Құтқару операциясы түнімен жалғаспақ.

Жергілікті билік апатқа кімнің айыпты екенін анықтауға кірісіп кетті. «Шығыс жұлдызы» кемесінің капитаны мен механигі тұтқындалды. Оқиға орнында Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян болып қайтты. Ол істі өз бақылауында ұстап отыр. Сонымен қатар апат болған жерге Қытай төрағасы Си Цзиньпин де келеді деп күтілуде.

Қайғылы жағдай кеше кешкісін орын алды. Қатты дауылдан кеме аударылып, екі минуттың ішінде батып кетті. Бортта 458 жолаушы болған. Бүгінде тек 20 адам құтқарылып, бес адамның мәйіті табылды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ