Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Борышкерлердің қарызын жеңілдетуге бағытталған бағдарлама іске аспай отыр

AstanaTV
02.06.2015ж. 20:00
1090
Борышкерлердің қарызын жеңілдетуге бағытталған бағдарлама іске аспай отыр

Борышкерлердің ипотекалық қарыздарын жеңілдетуге бағытталған бағдарлама іске аспай отыр,- дейді Қаржылық қызметті дамыту қоғамдық қорының мүшелері. Айта кетейік, бұл туралы арнайы құжат осы жылдың сәуір айында қабылданған.

Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген қор өкілдерінің айтуынша, ипотекалық нарықтағы қаржылық жағдайды сауықтыруға бағытталған 130 млрд теңге әлі күнге екінші деңгейлі банктерге аударылмаған. Бұған дейін Ұлттық банк проблемалы кредиттер қорына бұл қомақты қаражаттың түскенін мәлімдеді. Ол жылдық тиімді мөлшері 2,99 пайызбен 20 жыл мерзімге екінші деңгейлі банктерге берілуі тиіс болған. Мемлекет қаражаты 2004 және 2009 жылдар аралығында ипотекалық несиеге баспана алған қазақстандықтардың борышын жеңілдетуге бағытталмақ.

Президент несиелеу саласындағы мәселелерді шешу бойынша 2015 жылы ақпанда тиісті тапсырма бергені мәлім. Бүгінде Қазақстанда ипотекалық борышкерлердің мойнында 580 млрд теңге қарыз бар. Ал жалпы еліміз бойынша проблемалы несиелердің көлемі 1 триллион теңгеге жеткен. 

Андрей Ли, Қазақстан қаржылық қызметтерді дамыту ұлттық қоры төрағасының орынбасары:

Борышкерлер өз қаражаттарын қайта қаржыландыруға әлі қол жеткізе алмай отыр. Банктер әлі де қарыз алғандар туралы ақпараттарды жинаумен шектелуде. Меніңше, бұл жағдайға Ұлттық экономика министрлігі кінәлі. Себебі министрлік банктермен арадағы салық мәселесін және несиелерді қайта қаржыландырудың тетіктерін бекітпей отыр. Сондықтан бұл мәселеде банктерді немесе Ұлттық банкті кінәлаудың қажеті жоқ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ