Түркияның Нигде қаласы маңындағы Алтай ауылында Еуропа қазақтарының Жаз
фестивалі өтті. Ашық аспан астында өткен мерекелік шараға Германия, Голландия
және Англиядағы қандастарымыз да қатысты. Биыл алғаш рет қолға алынған
фестивальдің мақсаты - жырақта жүрген бауырлар арасында байланыс орнату, дәнекер
болу. Самат Сүлейдің репортажы.
Нәубет заманында Қытайдан шыққан қазақ көші Гималай тауынан өтіп, Пәкістан
арқылы Анадолы еліне келгені белгілі. Осылайша, 1952 жылдары түрік үкіметі екі
мыңға жуық қандасымызды түрік жеріне орналастырып, жаңа қонысқа қазақша «Алтай»
ауылы деген атау берген. Алпыс жылдан аса тарихы бар ауыл - бүгінде Еуропада
тұратын қазақтардың да кіші отаны. Солардың бірі - Өмірхан Алтын. Оның балалық
шағы Түркияның Алтайында өткен.
Өмірхан Алтын:
Ол кезде 163-тен артық семья болған. Ол кезде ол әлем бойынша
көшпенділерге, босқындарға салынған үлгі ауыл болған. Әрине, одан бері көп
жылдар өтті, тозып та қалыпты.
Табиғат аясында ұйымдастырылған мерекеге Азия мен Еуропадан бес жүзден аса
қандасымыз келді. Олар Атамекеннен келген өнерпаздардың ән-жырына сусындады.
Сахна қойлымдарын тамашалады. Ал қариялар жағы көрген-білгенін баяндап,
тарихтан сыр шертті.
Өмірхан Алтын:
Осындағы қазақи өмірді жалғастырсақ дейміз. Негізгі мәселе сол. Қазақстан
өсіп жатыр ғой, құдайға шүкір. Ағайындар бар жан жақта, бас қосып, осыны алтын
көпір ретінде Қазақстан мен Түркия арасындағы сақтап қалсақ.
Арай Асқап, дәстүрлі әнші:
Осындай фестивальға шақырту алғаныма қуанышымын. Еуропадан және Түркияның
басқа аймақтарынан қазақтар келіп бас қосып жатыр. Табиғат өте тамаша, сондай
көңіл күйде.
Ұйымдастырушылар биыл бірінші рет өткен жаз фестивалі алдағы жылы да
жалғасын табатынын айтты.
Самат СҮЛЕЙ