Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қарағандылық үлескерлер құны төленген үйлеріне кіре алмай жүр

AstanaTV
03.06.2015ж. 10:00
1574
Қарағандылық үлескерлер құны төленген үйлеріне кіре алмай жүр

«Бесобалықтар» проблемасы әлі шешілмей жатыр. Қарағандыда алпыс төрт үлескер 9 жыл бұрын құнын төлеп қойған пәтерлеріне кіре алмай қор болып жүр. Олар атышулы «Бесоба» тұрғын үй кешені салынып жатқанда құрылысқа ақша аударғандар. Ал, кешен толықтай аяқталмай қалғаны мәлім. Шарасыз күй кешкен үлескерлер қалалық әкімдіктің алдына жиналды. Олар жергілікті биліктің мәселені оң шешіп беруін талап етті. Базыналы халықтың өкілдерін қала әкімінің орынбасары Мұрат Камалиев қабылдады. Алайда БАҚ өкілдеріне кездесуге қатысуға және қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Дегенмен екі оттың ортасында қалған үлескерлер шенеуніктердің сөзіне сенбейді.

Сергей Шереметьев, үлескер:

Әкім орынбасары пәтер құнының 97-100 пайызын төлегендер, республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, бір жарым, екі жылда үйлі боласыңдар деді. Бірақ, жазбаша растаған жоқ. Яғни, кезекті құрғақ уәде.

Тұрғындардың айтуынша, «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі 2 бірдей үйдің құрылысы аяқталмай қалған. Ал,келісім-шарт жасасқан мердігер компания ізін суытып, қашып кеткен. Мәселені құзыретті орындар да шеше алмай отыр. Үлескерлер, құрылысты аяқтау үшін қажет 2 млрд теңгені үкіметтен сұрап отыр. Сот 64 үлескерді жәбірленуші деп танығандықтан, қажетті қаржыны үкімет бөлуі тиіс. Алайда, ол қаражат әлі берілмей отыр дейді «Бесоба» үлескерлері.

Айнаш Қожықова, үлескер:

Осыдан 9 жыл бұрын ақшасын төлеп қойған үйімізді әлі ала алмай жүрміз. Жартысы әлі салынған жоқ. Не үй не келісім-шарт жоқ. Үкімет бізге қаржы бөліп көмектессе екен дейміз.

Айжан ҚУАШ