Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

«Travelsystem» туристік компаниясымен саяхатқа аттанған туристер Түркияда тентіреп қалды

AstanaTV
03.06.2015ж. 20:00
1338
«Travelsystem» туристік компаниясымен саяхатқа аттанған туристер Түркияда тентіреп қалды

Демалыс маусымы қыза түскен кезде, туризм саласында тағы шу шықты! Бұл жолы «Travelsystem» туристік компаниясымен саяхатқа аттанған туристер Түркияда тентіреп қалды. 10 жылға жуық жұмысын мінсіз атқарып келген компания табан астынан "банкрот" болғанын жариялап отыр. Салдарынан Анадолы жерінде саяхаттап жүрген 1 мыңға жуық отандасымыз қонақ үйлерден қуылған. Толығырақ тілші тарқатады. 

Қазақстандық «Tengri Travel system» күтпеген жерден Фейсбук әлеуметтік парақшасында банкротқа ұшырағанын жазды! Жаңалық тосын болса да, оқиға үйреншікті! Компанияның басшысы Еуропада жүр, ал фирма кеңсесінің есігі тарс жабық. 

Тимур Дүйсенғалиев, ҚР инвестициялар және даму министрлігі индустрия және туризм департаментінің директоры:

Ірі туроператор Tengri Travelsystem өз қызметін тоқтатты. Компанияның жетекшісі Еуропаға кетіп қалған. Біздің мәліметіміз бойынша, аталған туроператор Түркиядағы серіктестеріне қаражатты толық төлемеген. Сол елде демалып жатқан 1000-ға жуық отандастарымыз қонақ үйлерден шығарылуы мүмкін. Мұндай жағдай болады деп, ешкім ойламады. Компания бүкіл Қазақстан бойынша ондаған турагенттіктермен келісімге отырған. Қазір министрлікте арнайы штаб құрылды. Таяуда бұл мәселеге қатысты барлық мәліметтерді жариялаймыз.

Айта өтейік, бүгін «Air Astana» компаниясы «Tengri Travel system» туроператорымен келісімді бұзатынын ресми түрде хабарлады. Туроператор қаржылық міндеттемелерін орындамаған. Енді, міне, «Air Astana» 19 маусымнан кейін Алматы мен Астанадан Анталияға және керісінше бағытқа ұшуларын тоқтатпақ. 

Талғат Ластаев, ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

Біз «Эйр Астанамен» және басқа да әуе компанияларымен барлық жұмыстарды атқаруға кірісіп кеттік. Біз үшін ең басты міндет - Түркияда қалған азаматтарды алып келу. Барлық жолаушылар ешбір қосымша төлемсіз әкелінеді. 19 маусымға дейін «Эйр Астана» компаниясының ұйымдастыруымен Алматы-Анталия және Астана-Анталия рейстері тоқтаусыз жұмыс істейтін болады. Шамамен 13 рейс жоспарланып отыр.

SCAT әуе компаниясы да «Travelsystem»-мен енді байланысты үзуге ниетті. Инвестициялар және даму министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, «Travelsystem» SCAT-қа 2,5 миллион доллар берешек көрінеді. 

Виктория Ульянова, SCAT әуе компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі:

Жаз маусымында біздің әуе компаниямыз «Travelsystem» туроператорымен келісімді тоқтатады. Бұған себеп - туроператордың қаржылық міндеттемелерді орындамауы. Бүгінгі таңда әуе компаниясы туроператорға қарсы шағым түсірді.

Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының өкілдері де дабыл қағуда Олар «Travelsystem» туроператорына алдын ала қаржысын төлеп, демалысқа аттануға даяр отырған туристер Түркияға ұшпауы тиіс, деп ескертеді. Өйткені қонақ үйдің ақысы мен кері қайтатын билет бағасы төленбегендіктен, бүгін түс ауа қонақ үйлерінен мәжбүрлі түрде шығарылған отандастарымыз бірнеше жүздеп саналады.

Әсел Нүркебаева, Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының президенті:

Компанияның банкротқа ұшырауынан тек Түркиядағы ғана емес, Еуропа мен Араб Әмірліктеріндегі туристердің жазғы демалысы да үзіліп қалуы ғажап емес. Осы бағытта бізге түскен бірқатар арыздардың негізінде прокуратураға хат жолдадық.

Қазір қауымдастық өкілдері туристердің қаражатын қайтару мәселесін қарастыруда. Тек азаматтардың сабырлы болуын сұрайды. Өкініштісі, мұндай сорақылықтардың қайталануы жиілеп барады.Өткен жылы Гүлнәр тур компаниясы банкротқа ұшырап, мыңдаған туристің демалысының шырқы бұзылды. Осыған қарсы қылмыстық іс те қозғалды. Мұның барлығы туризмге қатысты заңның әлсіздігінен,- дейді Инвестициялар және даму министрлігі өкілдері. Сондықтан аталмыш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезек күттірмейді деген пікірде.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА