Диас Қадырбаев АҚШ түрмесінен мерзімінен бұрын босап шығуы ықтимал. Сыртқы
істер министрлігінің ресми өкілі әрі Айрықша тапсырмалар жөніндегі елші Алтай
Әбибуллаев бүгін журналистерге берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Оның
айтуынша, алты жыл дегеніміз - 72 ай. Ал Қадырбаев осы уақытқа дейін 26 айын
АҚШ абақтысында өткізді. Сондай-ақ, ресми өкіл, Қазақстан азаматы түрмеде үлгілі
тәртібімен, өнегелі іс-қимылымен көзге түссе, Америка заңына сәйкес жыл сайын
абақтыда болу мерзімі 15 пайызға азаяды, дейді. Демек, Бостонда тұтылған
студент елге 2021 жылға дейін босап келуі мүмкін.
Күні кеше Бостон соты Диас
Қадырбаевқа 6 жыл жаза кесті. Ол лаңкестік әрекетке қатысы бар Джохар Царнаевты
тани тұра, полицияға хабар бермеген. Оған қоса жатақханадағы Царнаевтың бөлмесін
жинастырып, тергеуге кедергі келтіргенін мойындады. Қанды оқиғаға қатысы бар
екінші отандасымыз Азамат Тәжаяқовқа қатысты сот үкімі 5 маусымда шығады.
Естеріңізге салсақ, лаңкестік әрекет 2013 жылы сәуірде Бостонда жыл сайынғы
марафон кезінде болды. Екі жарылыс салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тан астам
адам жарақат алған-ды.
Алтай Әбибуллаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Айрықша
тапсырмалар жөніндегі елші:
Соңғы уақыттарда бүкіл ақпарат құралдарында Қазақстан азаматтарын елге
қайтару жөнінде сөз қозғалуда. Ол құқықтық тараптан негізсіз. Өйткені Қазақстан
мен Американың арасында сотталған азаматтарды өзара алмасу туралы құқықтық
негіз жоқ.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ