Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Президент бірқатар шет елдік компания басшыларын Ақордада қабылдады

AstanaTV
03.06.2015ж. 20:00
964
Президент бірқатар шет елдік компания басшыларын Ақордада қабылдады

Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бірнеше ірі шетел компанияларының басшыларын қабылдады. Ертең Астанада өтетін шет елдік инвесторлар кеңесінің 26-шы отырысына қатысуға арнайы келгендер қатарында «Камеко» компаниясының бас басқарушы директоры және президенті Тим Гитцель де бар. Әңгіме барысында тараптар Қазақстандағы уран өндіру саласының даму болашағын талқылады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Камеко» компаниясының Қазақстандағы қызметінің тарихы қалыптасып келеді. Компания 1996 жылдан бастап Инкай кенішінде жұмыс істей бастады. Осы уақыт аралығында ол табысты жобалардың біріне айналды. Сондықтан біз Сізбен бейбіт мақсаттағы атомды игеру саласындағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Осыған байланысты келісімге қол қою біздің елге және сіздің корпорацияға пайдалы болады деп үміттенемін.

Гитцель өз кезегінде «Камеко» және «Қазатомөнеркәсіп» компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Елбасы «Гленкор Интернешнл» компаниясының бас атқарушы директоры Айван Глазенбергті қабылдады. Мемлекет басшысы, компанияның еліміздегі кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеп, экономиканың дамуына оң ықпал етіп отырғанын, атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев, компанияның Жәйрем тау-кен байыту комбинатын меншігіне алуының маңыздылығын, оның айтарлықтай әлеуетке ие екенін, айтты. Глазенберг, Жәйрем кенішін одан әрі дамыту компанияның шикізаттық базасын кеңейтуге мүмкіндік беріп, қорғасын-мырыш саласының ұзақ мерзімді тиімділігін арттыруға ықпал ететініне, тоқталды.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ