$543.24 €619.89 ₽6.78
×

Талғат Мұсабаев: «Протон-М» зымыран тасығыштарының ұшырылымдары 2025 жылы тоқтатылады

AstanaTV
04.06.2015ж. 13:00
1692
Талғат Мұсабаев: «Протон-М» зымыран тасығыштарының ұшырылымдары 2025 жылы тоқтатылады

Бүгін Сенат «Байқоңыр» ғарыш айлағында, «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру» туралы келісімге өзгерістер енгізу» туралы хаттаманы мақұлдады. 10 жыл бұрын Қазақстан мен Ресей үкіметтері жасасқан жоба - ғарышқа экологиялық қауіпсіз зымырандар ұшыруды көздейді. Сенаттан тікелей байланысқа шыққан әріптесім Ләйлә Қазиақпарова толығырақ тарқатады. Ләйлә, маңызды құжатты мақұлдау барысында қандай тұстарды атап өтуге болады? 

Ләйла Қазиақпарова, тілші:

Парламенттің жоғары палатасы күн тәртібіне 5 сұрақ шығарған. Солардың бірі «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы заң жобасы. Сенаторлар хаттаманы бірауыздан мақұлдады. Өйткені, «Бәйтерек» жобасы іске асса, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон» зымыран тасығышын ұшыру тоқтатылады. Орнына экологиялық тұрғыдан зияндылығы аз «Ангара» зымыран тасығыштары ұшырылмақ.

10 жыл бұрын жасасқан келісімге сай, Ресей тарапы қауіпсіз «Ангара» зымыранын жасап, ұшыруға уәде еткен. Ал, Қазақстан ракеталарды ұшуға әзірлейтін техникалық кешен мен зымыран ұшыратын старт кешенін салуға міндеттелген. Қазақстан Даму банкі бұл үшін 19 жыл мерзімге 223 миллион АҚШ доллары көлемінде несие бөлді. Оның 83 миллионы жұмсалған. Бүгінде несиені қайтару мерзімі басталды. Сол себепті, Қазғарыш басшысы сенаторлардан несие мерзімін ұзартуды сұрады. Талғат Мұсабаев жобаға 223 миллион емес, 1 миллиард 600 миллионнан астам доллар қажет деді.

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы:

Бөлінген 223 миллион доллар әлемдегі ең кішкентай ғарыш зымыран кешенін салуға жетпейді. Бұл күлкілі сома. Мамандар керек ақшаны санап шығу керек. Осы қаржының 82 миллионы техникалық жобаларды әзірлеуге жұмсалған. Құрылыс басталғанда сол жобалар қолданылатын болады. Ақша текке кеткен жоқ.

Ал улы гептилмен ұшатын «Протон-М» зымыран тасығыштарының ұшырылымдары 2025 жылы толық тоқтатылады, - деді Мұсабаев. Сондай-ақ ол, гептилден келген экологиялық зардаптардың шығынын Ресейдің өтей қоюы екіталай деді.

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы:

Ресей экологиялық зардаптардың шығынын өтейді деген мәселе ешқашан шешілмейді. Негізінде екі ел арасында зардаптың мөлшеріне қатысты  нұсқаулықтар мен құжат болуы тиіс. Біздің тарапымыздан осындай құжаттар әзірленіп жатыр. Сондықтан бірлескен, келісілген ортақ құжаттар жасалмайынша, дау шешілмейді, - деп ойлаймын.

Еске салайын, Қазақстан мен Ресей Үкіметінің өкілдері «Байқоңыр» ғарыш айлағының 60 жылдығы қарсаңында кездесіп, Бәйтеректің болашағын сөз етті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақ- Ресей «Бәйтерек» зымыран кешенінің құрылысы 2021 жылы басталатын болды. Бұл жайында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлімдеген.

Ләйлә Қазиақпарова, тілші:

Ал, 2021 жылға дейін қос тарап тиісті техникалық құжаттарды әзірлеуге келісті. Сондай-ақ, кадр мәселесі де осы кезеңге қарай шешіледі,- деп күтілуде.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА