$474.72 €515.17 ₽5.58
×

ФИФА президенті Йозеф Блаттер қызметінен кететінін хабарлады

AstanaTV
04.06.2015ж. 10:00
1344
ФИФА президенті Йозеф Блаттер қызметінен кететінін хабарлады

Халықаралық футбол федерациясының айналасындағы жанжал толастар емес. ФИФА-ға қатысты дау-дамайға қарамастан өз қызметін сақтап қалған президент Йозеф Блаттер өз еркімен қызметінен кететінін жариялады. 17 жыл бойы беделді ұйымды басқарған швейцариялықтың мұндай шешімге неге барғанын әріптесім Самат Қанағатов анықтап көреді. 29-шы мамыр күні ФИФА президенті болып қайта сайланған Йозеф Блаттер араға төрт күн салып бұл қызметінен өз еркімен кететінін хабарлады.

Йозеф Блаттер, ФИФА президенті:

Мен ФИФА-ны қадірлеймін. Сонымен бірге футболдың дамуына барлық күш-жігерімді аямадым. Жуырда президент қызметіне қайта сайландым. ФИФА делегаттарының басым бөлігі маған тағы сенім білдірді. Бірақ, мені жақтамағандар да аз болған жоқ. Кейбір ФИФА мүшелері мен футбол клубтары маған қарсы болды. Қарама-қайшылықты ушықтырмай, тез арада арнайы конгерсс шақырып, ізбасарымды сайлауға шешім шығардым.

Блаттер ФИФА-ның Төтенше конгресі өткенше президент қызметін атқаратын болады. Ол 2015 жылдың желтоқсан айына белгіленген. Бұл ақпараттан құлағдар болған Ұлыбританияның Мәдениет спорт және БАҚ министрі Джон Уиттингдейл ойын ортаға салды.

Джон Уиттингдейл, Ұлыбританияның Мәдениет спорт және БАҚ министрі:

Блаттердің мұндай қадамға неге барғанын атап айту қиын. Бірақ, бұл шешімді мен құптаймын. ФИФА айналасындағы жанжалды ескере отырып, ұйымның беделі түсіп кетті. Тергеу амалдары әлдеқашан басталуы керек еді. ФИФА-дағы сыбайлас жемқорлық шарықтап тұр. Блаттер өз қызметінде қалған күннің өзінде қазіргі ФИФА өз беделін сақтап қала алмайды.

Халықаралық футбол федерациясының конгресі алдында Швейцарияның федералдық полициясы ФИФА-ның сегіз бірдей өкілін қамауға алды. Тергеуді бастаған АҚШ-тың Федералды Тергеу Бюросы ұсталғандарға сыбайлас жемқорлық, бопсаулау, алаяқтық және заңсыз электронды аудармалар жасады деп айып тағып отыр. Тергеу амалдары жалғасуда. Йозеф Блаттердің қызметінен кетуі қазіргі УЕФА президенті Мишель Платини үшін тиімді. ФИФА конгресі алдында атақты футболшы-халықаралық футбол федерациясын қатты сынға алып, Блаттердің сайлауға түсуіне қарсы болды. Енді Блаттердің қызметінен кетуі Платини үшін болашақта осы орынға келуіне тамаша мүмкіндік. Сонымен бірге Йозеф Блаттердің кетуі Ресей үшін де тиімсіз. 2018 жылғы әлем чемпионатын Ресей жеңіп алғанда шетелдік БАҚ өкілдері бұл жеңістің заңсыз екенін көпшіліке жариялады. Ал Блаттер болса, жан-жақты қысымға қарамастан 2018 жылғы доп додасы Ресейде өтеді деп кесіп айтты. Тергеу амалдарын АҚШ жүргізіп отырғанын ескерсек, Ресей ФИФА-дағы басты қолдаушысынан айрылды. Дегенмен, тергеу жұмыстары толық аяқталмай, алдын-ала болжам жасау ертерек.

Самат ҚАНАҒАТОВ