Қамауда отырған Ақтөбедегі «Автопарк жолаушылар тасымалы» серіктестігінің
директоры Мейіржан Өндіргеновтің үйінен табылған теңгелер миллиардтап саналады.
Бұл туралы оның үстінен сотқа арызданған бұрынғы серіктесі әрі жәбірленуші
Бауыржан Пірманов айтты. Оның сөзінше, құқық қорғаушылар үйден табылған
ақшаларды электронды машинкамен 5 сағат бойы санаған.
Бауыржан Пірманов, жәбірленуші:
Кеше оның компаниясында, естіп отырған шығарсыздар, көптеген миллиардтаған
суммалар тәркіленді. Ертең оның барлығы шығады. Естисіздер. Не один миллиард
там. Бір-екі де емес. Тек «Баян 21»-ден ғана 2 млрд оборот шығып тұр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кәсіпкер, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Мейіржан Өндіргенов, «ірі
көлемде ақша бопсалады» деген айыппен қамауға алынған болатын. Бауыржан
Пірмановтың айтуынша, күдікті оны қорқытып меншігіндегі шетел автокөлігін де
тартып алған көрінеді. Жәбірленушінің құзырлы орындарға берген дерегіне сай,
депутат Пірмановтан «Ақжол ЛТД» мекемесі капиталының 10 пайызын үшінші тарапқа
аударуды талап еткен. Соттың шешімімен 2 айға түрмеге қамалған Өндіргеновке
қатысты істі полицейлер тергеп жатыр.
\2.06.2015 ж.\
Гүлзия Мақсатқызы, Ақтөбе облыстық
соты баспасөз хатшысы:
Күдікті Өндіргенов Мейіржан
Сағидуллаевичке қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасына 2 ай мерзімге
санкция беру туралы өтініш хаты қанағаттандырылды. Мүлкі тәркілену арқылы 7
жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және 200 АЕК-ке
дейінгі мөлшерде айыппұл салу жазасы тағайындалуы мүмкін.
Мансұр ЕСҚОЖИН