Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын 15 ірі зауыт іске қосылады

AstanaTV
04.06.2015ж. 20:00
2822
Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын 15 ірі зауыт іске қосылады

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеп, дайын азық-түлік шығаратын 15 жоба қолға алынды. Оны іске асыруға трансұлттық компаниялар тартылған. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Шет елдік инвесторлар кеңесінің 28-отырысында айтылды. Алқалы бас қосу Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға арналған. Еуропадан жеткен білдей банктердің басшылары Қазақстанға неліктен асық екендіктерімен бөлісіп ағынан жарылды Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Инвесторлар иін тіресе жайғасқан дөңгелек үстел 28-ші кеңестің басты тақырыбына сай безендірілген. Экономиканы мұнай «шогынан» құтқаратын - Қазақстанның аграрлық секторы. 215 млн гектар ауыл шаруашылығына арналған аумағы бар Қазақстан өз әлеуетін пайдалануға шындап көшпек. Алпауыт инвесторлардың бүгінгі назары мен биліктің бетбұрысы аграрияны үлкен өзгеріс күтіп тұрғанын аңғартуда. Жаһандық жетекші команиялар мен қаржы институттарының басшылары бұл жиынға тыңғылықты дайындалған сыңайлы. Қос құрлықтағы 34 мемлекетті арзан несиемен қарық қылып отырған Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти қазақтың тағамдарын майын тамыза дәріптеді. Қызылорданың күріші, алматының алмасы мен жоғары сұрыпты бидайдан пісірілетін нанның дәмін тату үшін, Қазақстанға үнемі асығатынын айтты.

Сума Чакрабарти, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті:

Сіз ауылдағы шаруаның ұлысыз, немересісіз. Осыдан 100 жыл бұрын сіздің атаңыз диірменнің қожайыны болған. Сондықтан шаруа мен жердің өзара байланысын жете түсінесіз. Бірақ Кеңес үкіметі тұсында осы байланыс үзіліп қалды. Қазақстанның ауыл шаруашылығына бастамашыл, жаңашыл, кәсіпкерлік рух қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Для меня было приятно, что Вы вспомнили моего деда, который владел мельницей, считался зажиточным человеком. Однако отец мой потом представился бедняком, чтобы его не преследовали новые советские власти. То, что Вы сказали, что здесь еда хорошая, если президент европейского банка везде, где бывает, будет пропагандировать казахстанское продовольствие, это уже будет помощь аграрному комплексу.

Қазақстанға Чакрабартидің жарнамасы да, қаражаты да қажет. Соңғы 5 жылда азық-түлік импорты 45 пайызға артқан. Жыл сайын 4 млрд долларға сырттан тамақ тасимыз. Ірімшік, құс еті, шұжық, сары майдың басым бөлігі шеттен жеткізіледі. Мұндай «мүшкіл» деректі Президенттің өзі келтірді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру - игерілмеген сала. Инвесторлар осы олқылықты ұтымды пайдаланса болады. Шикізат та, тұтынушы да дайын. Тіпті іргеде жылына Латын Америкасынан 500 млн тонна ет таситын Ресей барын еске салған Елбасы бұл «армандайтын бизнес» деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Уже сегодня ко мне обратились руководители отдельных компаний с предложением по созданию производства говядины по высоким международным стандартам…. Я поручил правительству поддержать предложения, провести переговоры с этими компаниями. Всех инвесторов приглашаю вкладывать в развитие агропроизводства в Казахстане. Уверен, это будет выгодно нам всем.

Ал DEUTSHE BANK басшылығы қызық дерек келтірді. 2006 жылдан бері аталмыш қаржы ұйымы қазақстандық ауыл аймақ тұрғындарына 27 млн доллар шағын несие берген. Оның 70 пайызын әйелдер рәсімдеп, қарыз уақытында қайтарылған көрінеді. Немістер тағы да қаржы бөлуді қарастырып отыр.

Питер Тильс, DEUTSHE BANK басқарушы директоры:

Үш жылға қосымша 5 млн доллар бөлу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл 15 мың шағын несие деген сөз. Несиелер негізінен ауылдағы әйелдерге арналады. Теңгемен 6 айдан 12 айға дейінгі аралыққа беріледі. Осы ретте бір проблема туындап отыр. Қазіргі валюталық қауіп-қатер басым, нарықта доллар мен теңге арасындағы айырбас төлемдерінің айырмасы өте жоғары. Салдарынан шағын несиелер қымбатқа түсіп, тұтынушылардың қызығушылығы бәсеңдеуі мүмкін. Ұлттық банк осы мәселені шешуге атсалысса.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков трансұлттық компаниялардың қатысуымен 15 ірі зауыт салынатынын айтты. Жоба құны 1 млрд доллар. Бұрын соңды болмаған зауыттарда шет елдіктер азық-түлік шығара бастайды.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Мысалы, германдық «Меглин» компаниясы капиталының қатысуымен Шортанды түбінде сүт зауыты мен фермасы салынады. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарында «Эфко» компаниясы майлы дақылдардың өнімін өндірумен айналысатын зауыт салады. Ол Ресейдің компаниясы, бірақ әлемнің 38 елінде жұмыс істейді. Еуропада май өндіретін компаниялар арасында үздік бестікке кіреді.

Соңғы 10 жылда Қазақстанға барлығы 200 млрд доллар инвестиция тартылған. Оның ішінде ауыл шауашылығы саласының үлесі 1 пайызға де жетпейді. Бүгінгі бас қосу бұл көрсеткішті өзгертуі ықтимал. Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлармен тікелей диалогты қамтамасыз ету үшін 1998 жылы құрылған. Кеңес келесі жылы да Астанада өтеді.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ