Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Сенаторлар «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешеніне қатысты заң жобасындағы өзгерістерді мақұлдады

AstanaTV
04.06.2015ж. 20:00
1108
Сенаторлар «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешеніне қатысты заң жобасындағы өзгерістерді мақұлдады

2013 жылы құлаған «Протон» зымыран тасығышынан келген экологиялық шығынды Ресей жуық арада өтей қоймайды. Аэроғарыш комитетінің басшысы Талғат Мұсабаев осылай дейді. «Роскосмос» өтемақы сомасын өзі есептемейінше, бір тиын да төлемейді. Яғни Ресей апаттарды зерттейтін Қазақстан-Ресей сараптама орталығының құрылғанын қалайды. Олай етпесе, дау толастамақ емес", - дейді Мұсабаев.

Еске салайық, «Протон-М» зымыран тасығышы 2013 жылдың 2 шілдесінде Байқоңыр аумағында апатқа ұшырап, улы гептил қазақ жеріне төгілген болатын. Қазақстан жағы Ресей зымыран тасығышынан келген шығынды 14 миллиард теңгеге бағалаған.

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы:

Ресей экологиялық зардаптардың шығынын өтейді деген мәселе ешқашан шешілмейді. Негізінде екі ел арасында зардаптың мөлшеріне қатысты нұсқаулықтар мен құжат болуы тиіс. Біздің тарапымыздан осындай құжаттар әзірленіп жатыр. Сондықтан бірлескен, келісілген ортақ құжаттар жасалмайынша, дау шешілмейді, деп ойлаймын.

Бүгін Сенат «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру» жайындағы келісімге өзгерістер енгізу» туралы хаттаманы ратификациялады. Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасында жасалған жоба ғарышқа экологиялық қауіпсіз зымырандар ұшыруды көздейді.

10 жыл бұрын жасасқан келісімге сай, Ресей тарапы қауіпсіз «Ангара» зымырандарын жасап, ұшырамыз деп уәде етті. Ал Қазақстан зымырандарды ұшыруға әзірлейтін техникалық және старт кешендерін салуға міндеттелген. Қазақстан Даму банкі бұл үшін 19 жыл мерзімге 223 миллион АҚШ доллары көлемінде несие бөлді. Оның 82 миллионы жұмсалған. Ал несиені қайтару мерзімі басталып та кеткен. Сол себепті «Қазғарыш» басшысы сенаторлардан несие мерзімін ұзартуды сұрады. Және ұсталған ақша текке кетпейді деп, сендірді. 

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы:

Бөлінген 223 миллион доллар әлемдегі ең кішкентай ғарыш зымыран кешенін салуға жетпейді. Бұл күлкілі сома. Мамандар керек ақшаны санап шығу керек. Осы қаржының 82 миллионы техникалық жобаларды әзірлеуге жұмсалған. Құрылыс басталғанда, сол жобалар қолданылатын болады. Ақша текке кеткен жоқ.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА