Биыл арқалы ақын Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толып отыр. Ұлттың
ұраншысы болған, Алаш ардақтысының бұл мерейлі белесі Қазақ хандығының 550
жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған орай Халықаралық түркі академиясы «Нұр Отан»
партиясы қолдауымен Астанада халықаралық рухани-танымдық кеш өткізді. Алты
алаштың ардағы, ақын Сүйінбай Аронұлына арналған алқалы жиын туралы тілшіміз
баяндайды.
Түбі бір түркі халықтарына ортақ тұлғаға арналған кешке Қазақстанның,
Қырғызстанның, Өзбекстанның танымал ғалымдары мен өнерпаздары қатысты. Арнайы
шақырылған Сүйінбай ұрпақтары салтанатты кештің куәсі болды. Концерттік
бағдарламаның айрықша жаңалығы - Сүйінбай жырларының түркі дүниесіне ортақ
саналатын байырғы қобыз сарынынан бастап бүгінгі классикалық музыкамен
ұштастырыла орындалуы болды.
Құнарлы сөз, кесек ой Сүйінбай поэзиясының деңгейін биікке көтерді. Әсіресе
айтыс өнерінде қынынан суырылған қылыштай жарқырап Тезек төре, Қатаған,
Арыстанбектермен айтыста шашасына шаң жұқтырмады. Қазақ әдебиетіне сарқылмас
мұра қалдырған ақынның шығармалары тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де
биік бағаланады.
Абдылдажан Ақматалиев, Қырғызстан ұлттық ғылым академиясының
вице-президенті, академик:
Сүйінбай Аронұлы қырғыздардағы өзінің ақындарындай құрметтеледі, сыйласады,
былайша айтқанда, шығармаларын жақсы біледі. Жоғарғы оқу орындарында
оқылады, программаларында бар. Негізінен бізге Сүйінбай мен Қатағанның айтысы,
Сұйінбаймен Арыстанбектің айтысы аңыз болып қалған, ғылымнан ғылымға келе жатқан
шығармалар. Бұл айтысты біз екі елдің ортасындағы бірлікті, ынтымақтықты,
достықты қосқан айтыс деп білеміз.
«Нұр Отан» партиясы қазақтың
жыршылық, термешілік өнерін одан әрі насихаттауды жалғастыра бермек. Бауыржан
Байбек оны бірлік, елдік идеясын асқақтатуға ұтымды пайдалану - зиялылар үшін
де, билік үшін де күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе екенін атап өтті.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған халықтық бес реформада
қазақтың ішкі ынтымағын сақтауды ғана емес, тұтас қазақстандық қоғамды
жұдырықтай жұмылдыруды көздеген «болашағы біртұтас ұлт» идеясы көтеріліп отыр.
Сондықтан бабалардан қалған мұра біз үшін тәуелсіздікті нығайту жолында
рухани азық болмақ.
«Нұр Отан» партиясы қыркүйекте Қазақ хандығының 550, Конституцияның 20
жылдығына орай жыршылық, термешілік дәстүрдің бүгіні мен ертеңін саралайтын
ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Алқалы жиын үлкен жыр
фестиваліне ұласпақ.
Берік ХАСЕНОВ