Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қазақстанда тұңғыш рет жастардың «Айбын» әскери-патриоттық жиыны басталды

AstanaTV
10.06.2015ж. 20:00
1816
Қазақстанда тұңғыш рет жастардың «Айбын» әскери-патриоттық жиыны басталды

Қазақстанда тұңғыш рет «Айбын» жастардың әскери-патриоттық жиыны басталды. Шараға еліміздің әскери мектеп-интернаттары мен әскери-қолданбалы спорт және патриоттық клубтарынан 8 жүзден астам жасөспірім қатысуда. Олар үш күн бойы Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында әскери өмірдің қыр-сырымен танысады. Айжан Қуаш толығырақ.

Балалар нағыз әскери өмірге қадам басқандай, 3 күн бойы шатырларда түнейтін болады. Жауынгерлер секілді өмір сүру оларға қатты ұнаған. Тіпті, қыздар жағы да жауапты қызметке бұрынғыдан қызыға түсті. Көкшетаулық жеңіл атлет Бақшагүл Табарак 1 минутта киініп те, сәнденіп те үлгереді. Темірдей тәртіпке тез үйренген бойжеткен болашақта нағыз жауынгер боларына сенімді.

Бақшагүл Табарак, Көкшетау қалалық педагогикалық колледжі студенті:

Қыз бала үшін өте қиын. Бір жағынан отанды қорғайсың. Сәнденіп те, көңіл де көтере аламыз.

Ал, далада сегіз жүзден астам айбынды жасанды әскери шабуылдарды көзбе-көз тамашалауда. Ауыр техникадан алыс қашықтыққа оқ ату, оттан құтқару, дұшпанынан қорғану - осының бәрінен қатысушылар ерекше әсер алды.

Бағым Байжанова, Қызылорда қаласы «Айбын» әскери-патриоттық клубының қатысушысы:

Көрініс қатты ұнады.Өте әдемі. Бірінші рет көріп тұрмын.Әсерде тұрмын әлі де.

Айжан Қуаш, тілші:

Әскери қалашықта ауыр техниканың 10 шақты түрі қойылған. Балалар мектепте, әрине, оларды бұрын көрмеген. Енді алдағы үш күн бойы осы танктермен жақын танысудың мүмкіндігі туды.

«Айбын» республикалық жастар әскери-патриоттық жиыны жасөспірімдерді осылайша жауынргерлік өмірмен таныстыра отырып, олардың отансүйгіштік қасиеті мен жігерін нығайтуды көздейді. Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылған жиын Қазақстан Қарулы Күштеріне қажетті мамандар тәрбиелеуге де септігін тигізбек.

Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:

Бізге мотоатқыштар, әскери медиктер, ұшқыштар керек. Ертең осы балалар біздің сондай мамандар дайындайтын оқу орындарына түсіп, отан қорғауға ат салысады. 

Жиынның алғашқы күні балалар кешке дейін жауынгер ағаларының шеберлігін тамашалады. Ертең 16 топқа бөлінген жас ұландар әскери-медициналық дайындықтары мен спорттық шеберліктерін көрсетуі тиіс. Үздіктерді маусымның 13-і күні Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі марапаттайды.

Айжан ҚУАШ