Оңтүстік
Қазақстан облысында «мұнай ұрлады» деген күдікпен екі адам ұсталды. Бұл жайында
Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Құрманбек Сахов айтты. Аталған
бөлімнің дерегінше, ұйымдасқандар жыл басынан бері Павлодар-Шымкент мұнай
құбырының өніміне қол салып келген.
Сезіктілер
Ордабасы ауданының тұсынан өтіп жатқан құбырдың бүйірін ойыпты. Тергеу барысы көрсеткендей,
қылмыс орнында жер астынан қара алтынның бүлкілдеп шығып жатқаны анық көрінеді.
Алдын ала болжам бойынша, оңай жолмен пайда таппақ болғандар миллиондаған
теңгенің өнімін қолды қылып үлгерді. «Нақты шығын көлемі сараптамалық қорытынды
жұмыстарынан соң мәлім болады», - деді Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінің
бастығы Құрманбек Сахов. Күдіктілер шикізаттарды түнделетіп арнайы
цистерналармен жөнелтіп отырған. Тергеу
деректеріне сүйенсек, 55 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны бұған дейін осы
тектес ұрлығы үшін екі рет сотты болған.
Құрманбек
Сахов, ОҚО Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы:
Осы жәйт
бойынша ҚР ҚК 188 бабы, яғни «ұрлық» жәйті бойынша, қылмыстық іс қозғалды. Бұл
күдікті тұлғалардың мұнай өнімдеріне қатысты тағы да бес жәйтке қатыстылықтары
анықталып, қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізілуде.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ