Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

ЭКСКЛЮЗИВ: Азамат Тәжияқовтың әкесі Әмір Ысмағұлов сот үкімі әділ деп есептейді

AstanaTV
08.06.2015ж. 20:00
1200
ЭКСКЛЮЗИВ: Азамат Тәжияқовтың әкесі Әмір Ысмағұлов сот үкімі әділ деп есептейді

Азамат Тәжияқовтың әкесі сот үкімі әділ деп есептейді. Бұл жөнінде қазір АҚШ-та жүрген Әмір Ысмағұлов біздің арнаға телефон арқылы берген сұхбатында мәлімдеді. Өткен демалыста 21 жастағы қазақстандық студентке "Бостон терактісіне" қатысы бар деген айыппен 3,5 жыл жаза кесілген. Ол сот процесін күтумен екі жылдай уақытын абақтыда өткізді. Әрі бірнеше бап бойынша айыптаулар негізсіз деп танылған. Әмір Ысмағұловтың сөзінше, оның ұлы Америка түрмесінде енді тағы 7 ай қамауда болады. Жақын арада қазақстандық студенттің адвокаттары сот үкіміне қарсы қайта арызданып, Азамат Тәжияқовты елге экстрадициялау жөнінде өтініш білдірмек. 

Әмір Ысмағұлов, А.Тәжияқовтың әкесі:

Жазаны өтеу мерзіміне қатысты қарсылығымыз жоқ. Бірақ адвокаттар айып тағылған бапқа қарсы арызданбақ. Балықшы ісі бойынша оқиға мүлдем ескерілген жоқ. Әрине, 7 ай ұзақ мерзім емес. Дегенмен, Азамат пен Диасты экстрадициялау жұмысын жалғастырамыз. Бізді осы істің басынан аяғына дейін қолдаған Сыртқы істер министрлігіне көп рахмет.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, флоридалық балықшы да қазақстандықтар секілді айғақты жасырғаны үшін айыпталған. Бұл бап АҚШ-та қаржылық алаяқтар үшін ойлап табылған көрінеді. Мексика бұғазында ұсталған балықшы ауланған олжасын жасырмаққа әрекеттенген. Қазақстандық адвокаттар осы екі оқиғаны салыстыра келе, судьяның пікірін өзгерткен болатын. Сот бастапқыда лаңкестік оқиғадан кейін қоқысқа лақтырылған сөмке де тікелей айғақ емес деген еді. Алайда үкім шығарғанда мұны ескерген жоқ. "Әйтпесе Азаматтың мүлде босап шығуы ғажап емес еді", - дейді әкесі.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ