Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Жарықсыз отырған өскемендік тұрғындар биліктен көмек сұрап, көшеге шықты

AstanaTV
08.06.2015ж. 20:00
986
Жарықсыз отырған өскемендік тұрғындар биліктен көмек сұрап, көшеге шықты

Өскемен қаласының тап іргесінде 700-ге жуық отбасының жарықсыз отырғанына аптадан асқан. Ново-Ахмирово шағын ауданындағы жалғыз трансформаторды жауын кезінде найзағай істен шығарған. Кеш батса, майшамға күндері қарап қалған халық, биліктің назарын өздеріне аударуды мақсат етіп, көшеге шықты. 

Ново-Ахмирово шағын ауданындағы жалғыз жарық көзі, ол - ескі трансформатор. Оның өзі жекенің қолында. Тұрғындар қондырғыны жөндеуге 50 мың теңгеден жинап жатқандарын айтады. Бұған қоса, бұқара әр киловат үшін 9 теңге емес, 15 теңге төлейтін көрінеді.

Жұмабике Нәбиева, шағын аудан тұрғыны:

Еш бақылау жоқ, ақшамыздың қайда кеткенін білмейміз. Қарапайым халыққа жинаған қаржының шарапаты тимеді. Жарықсыз отырмыз, жиі сөндіріп тастайды. Қажет ақшасын төлеп отырмыз ғой. Бізге керегі мемлекеттің электрқуаты ғана.

Ермек Әлханов әр түбіртекті жеке-жеке зерттеп шығыпты. Сәуірде ол электр шығындарға 700 теңге, ал мамырда 900 теңге төлепті. Ол енді жеке меншік иесінің неліктен түрлі төлем қоятынын тексеруге кіріспек.

Ермек Әлханов, шағын аудан тұрғыны:

Кеткен шығындарға жазда 900 теңге, қыста 1000 теңге дейді. Сондай-ақ, түбіртекте есептелген соманы төлейміз. Құрал-жабдықтарға да шығын біздің мойнымызда. Санай келсек, бір айда 3 мыңнан астам теңгені төлейді екенбіз. 

Жарыққа қатысты дау екі жылдан бері шешілмей келеді. 2015-тің қаңтарында қала бюджеті 80 млн теңге бөліп, 392 үй орталықтандырылған электр қуатына қосылған. Кезекті транш, яғни 30 млн теңге қаржы, жуық арада бөлінеді, деп сендірді тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер.

Асқар Жақсылықов, Өскемен қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Кезекті кезең жазғы сессияда бөлінеді. Қала әкімі қосымша қаржы бөлуге уәде берді. Тағы 5 учаскенің мәселесі қаралады. Сөйтіп, халықты тұрақты жарықпен қамту мәселесін шешетін боламыз.

Шағын аудандағы электр энергиясына қатысты түйткілді толықтай шешуге 200 млн теңге қажет екен. Шенеуніктер ауданның проблемалы үйлерін жазда біртіндеп қалалық электр желісіне қосамыз деп сендірді. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ