Наурызда алты жүз сексен қызылордалық отбасы қоныс тойын тойлап жатыр. Мереке күні он төрт көп қабатты үй пайдалануға берілді. Ал Сырдария өзенінің сол жағалауында этностильде жаңа қала құрылысы басталып кетті. Шарипа Сақтапова тарқатады.
Қызылордада жаңа үйлер бірден шағын аудан ретінде салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Соңғы төрт жылда 11 мөлтек аудан пайда болды. 7 мыңға жуық отбасы қоныс тепті. Наурызда олардын қатары тағы 680 отбасыға көбейді.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
Соңғы үш жылдың ішінде облысымызда құрылыстың көлемі үш жарым есе өсті. Қызылорда қаласында сегіз есе өсті. Тек өткен жылдын өзінде төрт жарым мыңдай пәтердің кілті табысталып, сексен көпқабатты үйдің құрылысын жүргіздік. Жақында ғана біздің құрылысшыларымыз жаңа қаланың құрылысына көшіп жатырмыз.
Аймақ басшысы, ондағы сол жағалаудағы алғашқы нысандар құрылысы осы жылдың күзінде пайдалануға берілетінін, айтты. Қазір ол жақта көп қабатты тұрғын үйлер, балабақша, орталық мешіт, жастар сарайы салынып жатыр. Демек, келер жылы онда да наурыз мерекесі тойланатын болады. Ал қаланың орталығында ұйымдастырылған той думанда дастархан жайылып, меймандарға наурыз көже ұсынылды.
Рабиға Сапарбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:
Өткен жылға өкпеміз жоқ, нанымыз көп, еліміз тыныш, халқымыз тыныш, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Жылдан жылға халқымыздың жағдайы жақсарып келеді. Бала-шағама, бүкіл халыққа тыныштық тілеймін.
Меркеде салт-дәстүр де көрсетілді. Қызылордалықтар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде аймақтың абырой-намысын қорғайтын қолөнер шеберлерімен жүздесті. Тіпті кішкентай шебер Мадинадан кілем тоқудан дәріс те алды.
Жандос Тұсмағамбетов, ақпар ресурстық орталық жетекшісі:
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін насихаттау және мынау халыққа түсіндіру мақсатында арнайы халыққа жан-жақты ақпараттар беріліп жатыр. Сонымен қатар облыс тұрғындарының осы ЭКСПО-ға билеттер алу мүмкіндіктері бар. Ертең ЭКСПО-да біздің қолөнершілер өздерінің көрмелерін Астана төрінде ұсынатын болады.
Шарипа САҚТАПОВА