$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Шымкентте алғаш рет журналистердің аймақтық форумы өтті

AstanaTV
16.06.2015ж. 20:00
1437
Шымкентте алғаш рет журналистердің аймақтық форумы өтті

«Бес институционалдық реформа 100 нақты қадам: Ақпараттық қамту және ілгерілету». Бүгін Шымкентте осындай атаумен журналистердің аймақтық форумы өтті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған шараның мақсаты: өркендеу жолындағы тиімді дамудың бес институционалды реформасын насихаттау болып табылады.

Өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосқан форумға аймақтық және облыстық деңгейдегі газет-журналдар мен телеарна басшылары қатысты. Жиналғандар бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы жүз нақты қадамның негізгі мақсаты - дамыған отыз елдің қатарына кіру екеніне тағы бір тоқталып өтті. Бұл ретте ақпарат құралдарының қосар үлесі зор екенін де атап айтты.

Меруерт  Құмарова, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің бас сарапшысы:

Бүгінгі таңда алдағы уақытта жасалатын телебағдарламалар, сериалдар, өнімдер - барлығында да осы негізгі бағыттар қамтылуы керек. Сол себептен де халықты интеллектуалдық, туристік саланы насихаттайтын, патриотизмді насихаттайтын бағдарламалар көптеп қазір жаңадан ашылуы керек.

Қазақстанның ақпарат кеңістігін сырттан ағылатын түрлі ақпараттық тасқыннан қорғаудың маңызы зор. Осылай деген «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп бүгінгі таңда қазақ тілді басылымдар мен орыс тілді газеттер арасында екі түрлі ақпараттық кеңістік қалыптасқанын баса айтты.

Нұртөре Жүсіп, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:

Осы екеуі бір қазақ мемлекеті деген ұғымға қаншалықты жұмыс істеп отыр, деген мәселені алып қарайтын болсақ, көбінде біздің қазақ тілді басылымдар ұлттық, мемлекеттік, елшілдік бағытқа тәуелсіздік алған мезеттен бастап тұрақты жұмыс істеп келе жатқандығын ашық айту керек. Орыс тілді басылымдардың көбісі тек сырттан бақылаушы түрінде болады. Болмаса, мардымсыз ақпарат  берумен шектеледі.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы ұйымдастырған келелі жиында сөз алғандар «түпкі мақсатымыз Қазақстанның біртұтас ақпарат кеңістігін  қалыптастыру болуы керек» деп ой түйді. Форумда айтылған ұсыныстар екшеліп, құзыретті мекемелердің назарына ілінеді деген сеніммен тарқасты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ