$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Оралда жылу беру мекемесі қарызға белшеден батқан

AstanaTV
17.06.2015ж. 10:00
1562
Оралда жылу беру мекемесі қарызға белшеден батқан

Оралдағы жылу тарату компаниясы қала тұрғындары мен мекемелерден қарызды өтеуді сұрап отыр. «Жайықжылуқуат» мекемесі өкілдері борышкерлерді пәтерлерінен де қуып шығуға да дайын екендерін мәлімдеуде. Бүгінде оралдықтар жылу мекемесіне 653 млн. теңге қарыз, бұл аздай жеке кәсіпкерлердің берешегі 50 млн. теңгеден асқан. Осының кесірінен «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы газ жеткізушілерге өз қарызын қайтара алмай, Орал қаласының тұрғындары екі күн ыстық сусыз отырды. Қазір шаһарға ыстық су қайта берілгенімен, мекеме осы күйге түсірген борышкерлерді сотқа сүйрейтінін мәлімдеді. Компания жылу ақысын төлемегендер бойынша сотқа 2 мыңнан астам талап-арыз жолдаған. Қаланың кей тұрғындарының жылуға қарызы 800 мың теңгеден асып кеткен. Тіпті қолында соттың бір емес, үш шешімі болса да, борышкерлер қарызды өтеуге асығар емес. Әбден дағдарған жылу берушілер өз шығынын жабу үшін енді жылу бағасын өсірмекші.

Вячеслав Солодилов, «Жайықжылуқуат» АҚ Сату ісі жөніндегі директоры:

Қазір қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай отырған жайымыз бар. Жылудан түскен ақшаны жұмысшыларға жалақы ретінде төлейміз бе, әлде ескірген құбырларды жөндейміз бе, - деп дағдарып отырмыз. Сондықтан, тұрғындардың жылу ақысын төлеуін сұраймыз. Ал ақшасын төлемегендердің пәтерін тартып алудан басқа амал қалмады. Үйін сатамыз да, түскен ақшамен қарызын жабамыз.

Еркін КАРИН