$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Жамбыл облысында Ан-2 ұшағының апатқа ұшырауына адами фактор себеп болған

AstanaTV
17.06.2015ж. 20:00
1147
Жамбыл облысында Ан-2 ұшағының апатқа ұшырауына адами фактор себеп болған

Ал осы қыста Жамбыл облысында орын алған «OLIMPAIR» әуе компаниясына тиесілі Ан-2 ұшағының апатына адами фактор себеп болған. Оқыс оқиғаны жан-жақты тексерген комиссия осындай қорытындыға келді. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комиссия қорытындысында «Шатыркөл кеніші маңындағы метеорологиялық көрінудің нашарлауы жағдайында экипаж қауіпсіз ұшу биіктігінің рұқсат етілетін төменгі шегін сақтамаған» деп көрсетілген. Ан-2 ұшағы экипажының жер бетіндегі нысандарды көзбен мөлшерлемей, биіктікті азайтуға шешім қабылдауы әуе кемесінің жерге соқтығысуына әкелген көрінеді.

Ведомствоның баспасөз қызметі атап өткендей, тексеріс қорытындысы материалдары бойынша, министрлік еліміздегі әуе компаниялары өкілдерімен кеңес өткізбек. Тиісті қорытынды есеп алдын ала тергеу жүргізген Бас көлік прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жолданады.

Еске сала кетейік, Ан-2 ұшағы 2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысындағы Шатыркөл кеніші маңында апатқа ұшыраған еді. Салдарынан борттағы 7 адамның алтауы қайтыс болып, «Қазақмыс» компаниясының 1 қызметкері аман қалды.

Берік ХАСЕНОВ