Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ақтауда отқа оранған ұшаққа қатысты жаңа деректер пайда болды

AstanaTV
17.06.2015ж. 20:00
1110
Ақтауда отқа оранған ұшаққа қатысты жаңа деректер пайда болды

Ақтау әуежайында болған өрттен келген шығын көлемін азаматтық авиация комитетінің мамандары анықтауы қажет. Әуежай қызметкерлерінің ақпарына сәйкес, ұшақ бортындағы жүктің жартысы өрт басталмай тұрып түсірілген. Ал қалғаны тілсіз жау толық ауыздықталған соң сыртқа шығарылды. «Скат» әуе компаниясына екі жолаушы заттарының бүлінгені туралы шағымданған. Өрттен «Боинг 737» ұшағына тақалып тұрған телескопиялық саты айтарлықтай зақымданған. Қосалқы баспалдақтың сымдары түгел отқа оранды.

Гүлнәр Қожабекова, Маңғыстау облысы ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Өрт әуе кемесінің алдыңғы бөлігінде ұшқыш кабинасы мен жолаушылар салонының арасында болған. Салон түгел күйіп кеткен. Сонымен қатар телескопиялық трапты да қызыл жалын шарпып өткен. Әуежай қызметкерлерінің айтуынша, өрт әуе кемесіне оттегі құйылып жатқан кезде оттегі баллонындағы редуктордың жарылуынан шыққан.

Жарылыс болған сәтте «Скат» компаниясының бір қызметкері зардап шеккен. Денесін күйік шалған 46 жастағы Литва азаматы ауруханаға жеткізіліп, кейін амбулаторлық емделуге жіберілді.

Еске сала кетейік, кеше кешкісін Ақтау әуежайында «Боинг 737» ұшағы өртенді. Абырой болғанда, тілсіз жау тұтанған сәтте бортта жолаушылар мен экипаж мүшелері болмаған. Өрт шарпыған аумақ - 80 шаршы метр. Қызыл жалын бір сағаттың ішінде ауыздықталды. Азаматтық авиацияның ақпарына жүгінсек, әуе кемесі жарамсыз болып қалды. Ал өрт оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі таңда әуежайда орын алған төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылған. 

Заңғар САНАЙ