$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Үкімет басшысы: Алдағы 3-5 жылда экспорттық шикізат бағасы төмендеген дәуірде өмір сүреміз

AstanaTV
17.06.2015ж. 20:00
1323
Үкімет басшысы: Алдағы 3-5 жылда экспорттық шикізат бағасы төмендеген дәуірде өмір сүреміз

Алдағы үш - бес жылда барлық жағынан үнемдеуге тура келетін сияқты. Өйткені осы кезеңде біз шикізаттық тауарлардың бағасы төмендеген дәуірде өмір сүреміз. Республикалық бюджет те экспорт бағасының осы деңгейіне сай жасақталады. Парламент палаталарының бірлескен отырысында осыны мәлімдеген Премьер-министр Кәрім Мәсімов, әлемдік экономикалық ахуалға орай кейбір бағдарламаларды жүзеге асыруда бюджеттік шығындар қайта қаралатынын, айтты.

Үкімет басшысы сонымен қатар Қашаған кен орнының 2017 жылдан пайда әкеле бастайтынын хабарлады. Шытынаған құбырлар келер жылдың соңына дейін толық ауыстырылуы тиіс. Сөйтіп 2016-ның соңы немесе 2017-нің басында ірі жоба ақыры іске қосылмақ. Премьер-министрдің айтуынша, мемлекет құбырларды жөндеуге кеткен шығынды консорциумға қайтармайды. Яғни ол шығындарды компаниялар өздері көтереді.

Айта кетерлігі, әлемдегі күрделі ахуалға байланысты бесінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясы жұмысын шілденің 15-не дейін ұзартты. Сөйтіп биыл депутаттар аз демалып, көбірек жұмыс істейтін болды. Мәжіліс төрағасы бұл шешімді жұмыстың көптігімен түсіндірді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ